Сенім мен инвестиция: ҚССП АСЕАН елдерімен іскерлік көпірлерді қалай қалыптастырып жатыр
Инвестициялар мен технологиялар үшін жаһандық бәсеке күшейген жағдайда Қазақстан сыртқы экономикалық өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарындағы жұмысын жандандыруда. АСЕАН елдеріндегі Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының арнайы өкілінің рөлі, Оңтүстік-Шығыс Азиямен ынтымақтастық әлеуеті, серіктестік үшін басым салалар және қол жеткізілген уағдаластықтар туралы Серік Әміров әңгімелейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғырту бағдарламасын «Жаңа инвестициялық цикл» деп атап, оның мазмұнын өзі егжей-тегжейлі тарқатып берді. Соның ішінде шетелдік инвесторларды іздеудегі жүйелі әрі инклюзивті тәсіл, нарықтық әлеуеті жоғары шағын жобаларды қолдау және экономиканың озық салаларында бірлескен бастамаларды іске асыру туралы біз Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әміровпен әңгімелесеміз.
— Серік Құлманұлы, Сіз жуырда Қазақстанның Сыртқы сауда палатасында жаңадан құрылған — АСЕАН елдеріндегі арнайы өкіл қызметіне тағайындалдыңыз. Бұл қызметті енгізуге не себеп болды?
— Менің ойымша, бұл — Қазақстан қалыптастырып отырған экономикалық саясат жағдайындағы заңды үрдіс. Мемлекет басшысы өз сөздерінде шетелдік инвестицияларды тиімді тартуға арналған тұтас экожүйе құру және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту тетіктерін қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
Бүгінгі әлем инвестициялар мен технологиялар үшін қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп отыр. Осы орайда «сингапурлық ғажайыптың» мойындалған авторы Ли Куан Ю-дың кітабындағы мына сөзін келтіргім келеді: «Шетелдік инвесторларды қызықтыру үшін Экономикалық даму басқармасының қызметкерлеріне кейде бір компания Сингапурға өз миссиясын жібергенге дейін 40–50 компанияға баруға тура келетін. Олар сарқылмас күш-жігермен жұмыс істеді, өйткені Сингапурдың өміршеңдігі өздеріне байланысты екенін сезінді».
Мұндай тәжірибе өз маңызын жоғалтқан жоқ, керісінше, осындай миссиялар барған сайын өзекті бола түсуде. Тікелей адами қарым-қатынас факторы шетелдік елдердің бизнес қауымдастықтарымен сенімді байланыс орнатуда шешуші рөл атқарады және ол расында да біртіндеп қалыптасады. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасында арнайы өкіл қызметінің енгізілуі де осыған байланысты.
— Ендеше, еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріне қызығушылығы қандай негізге сүйенетінін айтып өтейік.
— Ең алдымен, АСЕАН ұйымына он мемлекет кіреді: Бруней, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Таиланд және Филиппин. Бұл бірлестік әлемдегі бесінші ірі экономиканы құрайды әрі географиялық орналасуына байланысты жаһандық жеткізу тізбектерінің серпінінде маңызды рөл атқарады.
Жалпы ішкі өнімінің жиынтық көлемі шамамен 3,8 триллион АҚШ долларын, ал халқы 680 миллионға жуық адамды құрайтын АСЕАН — орасан зор тұтынушылық нарық. Бұл фактор құрылымның әлемдік саудадағы салмақты орнын айқындайды.
Тарихи тұрғыдан Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия көне сауда жолдарымен — Дәмдеуіштер жолы және Ұлы Жібек жолы арқылы байланысқан. Бұл жолдар халықтар арасында тауарлар, технологиялар мен идеялар алмасуына ықпал етті. Қазіргі таңда сарапшылардың пікірінше, АСЕАН-ның Қазақстанмен неғұрлым терең өзара іс-қимылға баруына стратегиялық алғышарттар бар. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия компаниялары үшін көлік бағыттарының әлеуетін кеңейту қажеттігін негіздейтін дәлел болып табылады, ал ол өз кезегінде экономикалық өсім мен дамуды ынталандырады.
— Бүгінде біздің елдеріміздің экономикалық саладағы ынтымақтастығы қандай деңгейде?
— Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның АСЕАН елдерімен тауар айналымы шамамен 2 миллиард 740 миллион АҚШ долларын құрады — экспорт пен импорт көлемі шамалас. Сол кезеңде өңірден Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 711,8 миллион доллар болды. Бұл көрсеткіштердің өсім әлеуеті жоғары екені анық.
— Сіз мүдделердің тоғысатын тұстарын неден көресіз?
— Өңірдің экономикалық жағдайына қатысты жоғарыда айтылған сипаттамаларға қосымша ретінде соңғы үш жылда АСЕАН жыл сайын 200 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестицияны тұрақты түрде тартып отырғанын атап өткім келеді. Бұл оның дамушы өңірлер арасындағы ең ірі инвестиция алушы мәртебесін одан әрі нығайта түсті.
Қазіргі уақытта қауымдастыққа мүше елдер цифрлық экономика жөніндегі Негіздемелік келісім бойынша келіссөздер жүргізуде. IT-инфрақұрылымның дамуы және инвестициялардың ұлғаюы нәтижесінде АСЕАН ауқымын кеңейтуді көздейтін цифрлық компаниялар үшін тартылыс орталығына айналуға толық мүмкіндікке ие.
Бұған қоса мынадай болжамды деректерді келтірейік: жасанды интеллекттің дамуы 2030 жылға қарай АСЕАН елдерінің ЖІӨ-не 10–18 пайыз аралығында үлес қосып, жалпы көлемі 1 триллион АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Өңірдің осындай тәжірибесі мен перспективалы мүмкіндіктері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті тұрғысынан да үлкен қызығушылық тудырады.
Сондай-ақ исламдық қаржыландыру, халал индустриясы, ғылым және білім беру, туризм салаларында да өзара тиімді әріптестік үшін жақсы мүмкіндіктер бар.
— Осындай байланыстарды жолға қоюда арнайы өкілдің рөлі неде?
— Ең алдымен — шетелдік және отандық бизнес-қоғамдастықтар, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар, іскерлік орта арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыруда. Бұл мәселеде, бәлкім, ең маңызды басымдық кәсіпкерлік орта өкілдерінің жеке кездесулері мен келіссөздерін ұйымдастыру және өткізуге беріледі. АСЕАН-ға мүше елдердегі бизнес құрылымының ерекшелігін түсіну қажет: мұнда микро-, шағын және орта кәсіпорындар компаниялардың жалпы санының 97 пайызынан 100 пайызға дейінгі бөлігін құрайды және қауымдастық экономикасында жетекші рөл атқарады.
Жеке тәжірибеме сүйене отырып мынадай қорытынды жасай аламын: іскерлік қатынастарды қалыптастырудың бастапқы кезеңінде B2G2B формуласы басымдыққа ие, әрі біз қазірдің өзінде B2B форматында нақты жұмыс жүргізіп отырмыз. Аталған формулаларда ҚССП арнайы өкілі, әдетте, маңызды орын алады. Негізгі мән — егжей-тегжейде, ал инвесторлармен, әсіресе ШОБ секторында, «қолмен басқару» режиміндегі жұмыс еңбек сыйымды болғанымен, өте маңызды.
Жүйелі негізде тиімді B2B-кездесулер өткізу үшін олардың сапалы дайындалуы, жергілікті мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен, шетелдегі мекемелермен, іскерлік кеңестермен, құрметті консулдармен, шетел мемлекеттерінің сауда өкілдіктерімен, консалтингтік компаниялармен және басқа да құрылымдармен жақсы үйлестіру қажет.
Бұдан бөлек, арнайы өкілдің міндеттеріне шетелдегі іс-шараларға қатысу және презентациялар өткізу, шетелдік бизнес-делегациялардың сапарларын ұйымдастыруға жәрдемдесу, сауда және инвестициялық келісімдерді пысықтау, қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын мониторингтеу, серіктес өңір бойынша деректерді талдау кіреді.
— Сіз қазақстандық бизнестің АСЕАН елдеріндегі серіктестермен байланыс орнату тәжірибесі бар екенін атап өттіңіз. Осы туралы айтып бересіз бе?
— Иә, әрине. Бұл — қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған жоба, әрі оның нақты нәтижелері бар. Малайзиядан келген бизнес-делегациялардың сапарлары барысында туризм, IT-технологиялар, сауда, инжиниринг және құрылыс салаларын дамыту бойынша құжаттарға қол қойылды. Қазақстан мен Сингапур кәсіпкерлері арасындағы B2B-кездесулерде бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Индонезияның Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен өткен нетворкинг-сессия аясында Джакарта қаласында қазақстандық экспорттық өнімнің шоурумын ашу туралы келісім жасалды, сондай-ақ мұнай-газ саласы, тау-кен өнеркәсібі, жаңартылатын энергетика және инфрақұрылым бағыттарындағы инвестициялық жобалар пысықтауға алынды.
Тамыз айында Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген туроператорларды қабылдап, оларды Алматы облысының туристік әлеуетімен таныстырдық. Жақын уақытта Таиланд пен Вьетнамның сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ Малайзиядан бизнес-делегациялардың сапарлары жоспарланып отыр.
Айта кетерлік тағы бір ірі жоба — отандық кәсіпкерлерді Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығуға онлайн оқытуға арналған тренингтік орталық ашу ниеті. Бұл бастама қазақстандық жобаларды масштабтауға, қазақстандық өнімді өңірдің тауар биржаларында орналастыруға және электрондық коммерция саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Іскерлік көпірлерді осылайша жолға қою отандық бизнестің шетел нарықтарына шығу ниетіне ықпал етіп, елімізге жаңа шетелдік бизнес-серіктестерді тартуға мүмкіндік береді деп өте үміттенемін.