ТМҰ жаңа деңгейге көтерілді: Астанада ұйым өкілдері саудадан өнеркәсіптік кооперацияға көшуге келісті
Бүгін Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған «ТМҰ елдерінің экономикалық интеграциясы мен кооперациясы: өнеркәсіптегі, АӨК-тегі, логистика мен цифрландырудағы жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Түркі мемлекеттері ұйымының бизнес-форумы өтті. Форум Қазақстан Республикасының Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағына (TCCI) төрағалық етуі аясында және Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, сауда-өнеркәсіп палаталарының, халықаралық ұйымдардың, инвестициялық құрылымдардың өкілдері мен түркі әлемі елдерінің бизнес-қоғамдастығы қатысты. Форум бағдарламасы Пленарлық отырысты, панельдік сессияны, B2B кездесулерді, сондай-ақ ТМҰ мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған құжаттарға қол қою рәсімін қамтыды.
Форум аясында шетелдік қонақтар мен қатысушылар «Бір ауыл – бір өнім» конкурсы жеңімпаздарының көрмесін тамашалады. Экспозицияда Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жергілікті өндірушілердің өнімдері: Шығыс Қазақстанның шөп шайлары, фрипстері, дәмдеуіштері мен шыныпластиктен жасалған бұйымдары; Астананың киіз, зергерлік және ағаш бұйымдары, глютенсіз өнімдері мен табиғи косметикасы; Алматы облысының балы мен омарта өнімдері; Батыс Қазақстанның тары жармасы мен женті; Қарағанды облысының киіз бұйымдары, сондай-ақ Шымкенттің асқабақ пен лавандадан жасалған өнімдері таныстырылды.


Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйледі. Ол ТМҰ аясындағы ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Бүгінде ТМҰ елдері 170 миллионнан астам халқы бар нарықты қамтиды және зор өнеркәсіптік, көліктік, аграрлық және адами әлеуетке ие. Әлемдік экономиканың жаһандық трансформациясы жағдайында практикалық экономикалық кооперация ерекше маңызға ие. Бүгінде басты міндет – декларациялардан нақты бірлескен жобаларға, жаңа өндірістерге, технологиялық альянстар мен өзара инвестицияларға көшу.

«Біз әлеуетімізді талқылаудан ТМҰ елдері арасындағы тұрақты өндірістік тізбектерді құруға көшуіміз керек. Тек осылай ғана интеграция экономикалық тұрғыдан сезілетіндей және бизнес үшін тиімді болмақ», – деді Серік Жұманғарин.
Экономикалық интеграция мен түркі әлемі елдері арасындағы практикалық іс-қимыл тақырыбын жалғастыра отырып, Ұлттық палата Төралқа Төрағасы, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының (TСӨП) Төрағасы Қанат Шарлапаев заманауи интеграция терең өнеркәсіптік кооперацияны және өзара сенім инфрақұрылымын құруды талап ететінін атап өтті. Ол түркі әлемінің тарихи бірлігі XXI ғасырдың нақты экономикалық құралдарына, соның ішінде цифрлық және инвестициялық тетіктерге айналуға тиіс екеніне тоқталды.
«Уақыт сынына берер жауабымыз – бизнес түркі кеңістігінің ішінде кедергілерге тап болмайтын бірыңғай цифрлық және инвестициялық ортаны қалыптастыру», – деді ол.

Сауда-экономикалық әлеует туралы айта келе, ол өзара іс-қимыл құрылымын өзгерту қажеттігін баса айтты:
«Біз тек шикізат немесе дайын тауарлар саудасымен шектелмеуіміз керек. Біздің мақсатымыз – терең өнеркәсіптік кооперация».
Логистика және қосылған құн мәселелеріне де ерекше назар аударылды: «Біз «Орта дәліз» бойында тек транзиттік бағыттарды емес, өнімнің жаңа құны жасалатын индустриялық аймақтарды салуымыз керек». Сондай-ақ ол нарық қатысушылары арасындағы сенімді арттыруға бағытталған институционалдық бастамаларды атап өтті: «ТМҰ сенімді өнім берушілерінің бірыңғай тізілімі келісімшарттарды жеделдетудің және экономикалық кеңістігіміздегі ашықтықты арттырудың практикалық құралына айналады». Сөзін түйіндей келе, ол бизнесті нақты нәтижелерге шақырды:
«Декларациялар уақыты өтті. Іске асыру мерзімі нақты бекітілген жобалардың уақыты келді».

Сонымен қатар, пленарлық отырыс аясында Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әмреев, Әзербайжан Республикасы Кәсіпкерлер ұйымдары ұлттық конфедерациясының президенті Мамед Мусаев және Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері сөз сөйледі.
Талқыланған бастамалардың іс жүзіндегі жалғасы ретінде «Атамекен» ҰКП мен Түркі инвестициялық қоры арасындағы Меморандумға, сондай-ақ TCCI, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Қазақстан Республикасының Кооперативтер мен басқа да экономикалық қауымдастық формалары ұлттық ассоциациясы (NACOFEC) арасындағы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Форумның негізгі іс-шараларының бірі «Инвестицияларды тартудың практикалық тетігі ретінде бірыңғай өндірістік, ауылшаруашылық, логистикалық және сауда кооперациясы платформасын іске қосу» тақырыбындағы панельдік сессия болды. Жиынға қатысушылар өндірушілерді, фермерлерді, қайта өңдеушілерді, логистикалық операторлар мен сауда желілерін біріктіруді, кооперациялық сауданы дамытуды, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуді және тұрақты халықаралық өндірістік-логистикалық тізбектерді қалыптастыруды талқылады.




Форум қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар экономикалық іс-қимылды одан әрі кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды дамытуға және түркі әлемі елдері арасындағы кооперациялық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін растады. Астанадағы бұл форум өзара сенімге, технологиялық ынтымақтастыққа және ТМҰ мемлекеттерінің ортақ экономикалық күн тәртібіне негізделген тұрақты іскерлік серіктестік кеңістігін қалыптастырудың кезекті қадамы болды.