Анықтама үшін: «MOBILUS» компаниясы көлік құралдарын дамыту саласында кешенді инновациялық шешімдерді ұсынады, оның ішінде сутегі отын элементтерімен жұмыс істейтін электр көліктері және автоматтандырылған жылдам көлік (ART) жүйесі бар. Компания өз жобаларын Малайзияда, Түркияда, ҚХР-да, БАӘ-де және басқа да елдерде сәтті жүзеге асырып келеді.
Кездесу барысында Алматы қаласының Қалалық мобильдік басқармасы басшысының орынбасары Азамат Көмекбайұлы қоғамдық көліктің тиімділігі мен экологиялық тазалығын арттыруға бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мегаполисті дамытудың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Қазіргі таңда қала мен жақын маңдағы елді мекендер арасындағы жолаушылар тасымалы үшін, сондай-ақ Алматының магистральдық бағыттарында жоғары тиімді көлік құралдарын пайдалану ерекше өзекті болып отыр.

Өз кезегінде, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әмиров технологиялар трансферінің, өндірісті жергіліктендірудің және малайзиялық компания тарапынан сервисті ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көлік секторын дамытуға қосымша серпін беріп, осындай жобаларды Қазақстанның басқа қалаларында және көрші елдерде іске асыруға мүмкіндік ашады.
Ал «Almaty Invest» басқарма төрағасының орынбасары Азамат Абдуалиев инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шараларын таныстырып, оларды жүзеге асыру барысында Инвестиция тарту орталығы тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған жобаны Алматыда іске асыру мүмкіндіктері бойынша ақпарат алмасуға, сондай-ақ қазақстандық тараптың Малайзиядағы ART жүйесі қолданылатын нысандарды зерделеу мақсатында сапар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.