

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Эстония Елшісімен Іскерлік кеңес құру бастамасын талқылады

2025 жылғы 30 шілдеде Астана қаласында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақовтың Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Яап Ора мырзамен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Эстония арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылап, іскерлік байланыстарды институционалдық тұрғыда нығайтудың маңыздылығына назар аударды.
Мұрат Қарымсақов халықаралық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, Қазақстан мен Эстония өзара тиімді әріптестікті дамытуда конструктивті ұстанымды сақтап отырғанын атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 71,7 млн АҚШ долларын құрап, оның ішінде Қазақстаннан экспорт көлемі 38,7 млн долларды, ал Эстониядан импорт көлемі 33 млн долларды құрады. Сауда динамикасының тұрақты болуы және Қазақстанда эстон капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 74 кәсіпорынның болуы екі елдің іскерлік орта арасындағы сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Кездесу барысында Елші Яап Ора Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Эстонияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Іскерлік кеңес құру бастамасын көтерді. Оның айтуынша, мұндай тетік кәсіпкерлер арасында тұрақты диалог орнатуға, ақпарат алмасуды жолға қоюға, кедергілерді бірлесіп шешуге және жаңа инвестициялық пен сауда жобаларын іске қосуға мүмкіндік береді.
Мұрат Қарымсақов бұл бастаманы қолдап, Іскерлік кеңес құру Қазақстан мен Эстония арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылатынын және екіжақты іскерлік байланысты одан әрі тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.
Тараптар іскерлік диалогты жандандыруға және Қазақстан мен Эстония арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия алаңдарында бірлескен жұмысты жалғастыруға өзара мүдделілік білдірді. Аталған комиссияның кезекті отырысы осы жылдың қаңтар айында Таллин қаласында өткен болатын.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Эстонияны ЕО аймағындағы перспективалы серіктестердің бірі ретінде қарастырады және Іскерлік кеңестің құрылуы екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды қадамы боларына сенеді.