Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Deloitte Tohmatsu LLC компаниясымен жапон делегациясының Астанаға сапарын дайындау мәселесін талқылады
2026 жылғы 22 сәуірде «Атамекен» ҚР ҰКП ғимаратында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы өкілдерінің жапон серіктестерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу 2026 жылғы 21–23 мамыр аралығында Астана қаласына жоспарланған жапон делегациясының сапары аясындағы іскерлік бағдарламаны дайындауға арналды.
Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Қазақстан-Жапония сауда-экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Сабр Есімбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП тексеру комиссиясының төрағасы Нұрлан Сәрсенбай, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жакутова, сондай-ақ жапон тарапының өкілдері, оның ішінде ROTOBO және Deloitte Tohmatsu LLC қатысты. Қатысушылардың бір бөлігі онлайн форматта қосылды.
Кездесу барысында тараптар жапон делегациясының сапарын ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылады, соның ішінде негізгі іскерлік іс-шараларды дайындау мәселелері қарастырылды. Қазақстандық компаниялар – Палата мүшелерінің қатысуымен өтетін питч-сессияны ұйымдастыруға, қатысушылар пулын қалыптастыруға және тіркеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ кең ауқымды іскерлік аудиторияны тарту арқылы networking-қабылдауды өткізуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар 22 мамырға жоспарланған бизнес-іс-шаралар бағдарламасы, оның ішінде B2B кездесулер өткізу, қазақстандық компанияларға бару және жапон тарапының мүдделерін ескере отырып өзара іс-қимылдың оңтайлы форматын айқындау мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, демалыс күнін ескере отырып, іскерлік және мәдени іс-шараларды қамтитын 23 мамырға арналған бағдарлама бойынша ұсыныстар қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға өзара қызығушылықтарын растады және екі ел бизнесі үшін сапардың нақты нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында дайындық жұмыстарын әрі қарай үйлестіру туралы келісті.