bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Дананг қаласында Вьетнам...

Дананг қаласында Вьетнам кәсіпкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

img
 

2026 жылғы 15–16 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әміровтың Дананг қаласына жұмыс сапары өтті. Сапар аясында Вьетнамның Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығы (VINEN) басшылығы мен елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Талқылау барысында 2026 жыл Вьетнамдағы инвестициялық нарық үшін «golden age» кезеңі екені атап өтілді: сарапшылар бағалауы инвестициялық циклдің неғұрлым тұрақты кезеңге өткенін көрсетеді.

Анықтама үшін: Вьетнам Социалистік Республикасы АСЕАН елдері арасында жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны бойынша көшбасшы болып табылады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ел экономикасының өсімі 7,83%-ды құрады. 2030 жылға қарай жан басына шаққандағы табысты 8 500 АҚШ долларына жеткізу мақсаты қойылған. Ел экономикасының негізін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды. Қазіргі таңда олардың үлесіне жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 95%-ы тиесілі, олар ЖІӨ-нің шамамен 50%-ын, мемлекеттік бюджет кірістерінің 30%-ға жуығын қамтамасыз етеді және экономикадағы жұмыс орындарының шамамен 40%-ын қалыптастырады.

Дөңгелек үстел барысында Серік Әміров қазіргі жағдайда Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірлескен өндірістерді дамыту және тауарларды дистрибуциялау үшін «B2B Bridge» ретінде өзін танытуға әлеуеті зор екенін атап өтті.

Талқылауға «IPC» – Investment Promotion Center for Central Vietnam, «VIDANANG», «Bridgent», «Song Hoai Ceramics Co., Ltd», «Dong Dinh Art Museum», «Lingble» және басқа да компаниялар қатысты.

Өз кезегінде VINEN төрағасы Дин Вьет Хоа тәжірибе алмасу мен нарықты зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, вьетнамдық тарап үшін Қазақстанның Астана халықаралық қаржы орталығын (AIFC) құру тәжірибесі және 2026 жылғы 11 ақпанда іске қосылған жергілікті VIFC-HCMC халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыттары үлкен қызығушылық тудыратынын жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан жоғары оқу орындарының базасында бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды ұсынды.

«IPC Central Vietnam» инвестиция тарту орталығының директоры Ле Мин Зон мұндай кездесулер мен бизнес-миссиялар екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі әрі нақты дамыту үшін тиімді алаң екенін атап өтті.

Сонымен қатар, «Bridgent» цифрлық инновациялар компаниясының басшысы Харли Хуин Вьетнам нарығында қазақстандық IT жобаларды тәжірибе алмасу және ауқымдау бағытында қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Талқылау қорытындысы бойынша тігін және аяқ киім өндірісі, жемістерді қайта өңдеу, туризм, цифрландыру, білім беру, логистика және басқа да салаларда бірлескен жобаларды әрі қарай пысықтау жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ Вьетнамның Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығымен (VINEN) ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау және оған қол қою жоспарланды.


 

 
 
view 104
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.