ҚР ҰКП «Атамекенде» Еуропалық комиссия делегациясымен кездесу өтті
11 маусым күні Астанада ҚР ҰКП «Атамекен» Төралқа Төрағасы – Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі бас директорының орынбасары (DG GROW) Валер Мутарлье бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Кездесуге Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі бас директоратының (DG GROW), Халықаралық әріптестік жөніндегі бас директоратының (DG INTPA), Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты.


Кездесуді аша отырып, Қанат Шарлапаев Еуропалық Одақтың Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Бүгінде Қазақстанға Орталық Азия мемлекеттерінің ЕО-мен жалпы тауар айналымының шамамен 80%-ы тиесілі.


Тараптар көлік, энергетика, цифрлық және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған Global Gateway стратегиясы аясындағы бірлескен бастамаларды талқылады. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, цифрлық өзара байланыс жобаларына, сондай-ақ энергетика, су ресурстары және климаттың өзгеруі салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.


Келіссөздердің жеке бағыты Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселесіне арналды. 2025 жылы Қазақстанда жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 өнеркәсіптік жоба іске асырылғаны, соның нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоғары қосылған құны бар өндірістердің одан әрі дамуына мүмкіндік жасалғаны атап өтілді.
Кездесуге қатысушылар машина жасау, теміржол көлігі, ауыл шаруашылығы машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және өңдеуші өнеркәсіптің басқа да салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды. Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың табысты мысалдары ретінде Stadler Rail AG, CLAAS, HORSCH, AMAZONE, Knauf Gruppe, Alstom және Lasselsberger Group компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар аталды.


Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық маңызды шикізат материалдары саласындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударды. Тау-кен металлургия кешенінің ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі екені, ал шикізатты терең өңдеу мен жаңа өндірістерді құру еуропалық серіктестермен өзара іс-қимылдың маңызды бағыттары болып қала беретіні атап өтілді.
Кездесу барысында еуропалық тарапқа 2026–2028 жылдарға арналған тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру жұмыстары және 2030 жылға дейінгі стратегиялық маңызды минералдарды дамыту стратегиясын әзірлеу барысы туралы ақпарат берілді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және Қазақстан мен Еуропалық Одақ экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.