bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Шикізат, логистика және...

Шикізат, логистика және инвестициялар: Қазақстан мен Германия ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады

img

15 маусым күні Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумы Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің Тұрақты орынбасары Ульрих Кинне бастаған Германия делегациясымен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Германия делегациясының құрамына Германия Федералдық экономика және энергетика министрлігінің, Геология ғылымдары және табиғи ресурстар жөніндегі федералдық ведомствоның (BGR), Германияның минералдық ресурстар агенттігінің (DERA), Германия экономикасының Шығыс комитетінің, Германияның Сыртқы сауда палатасының (AHK), Germany Trade & Invest (GTAI) агенттігінің, Германия энергетикалық агенттігінің (DENA), KfW IPEX-Bank банкінің өкілдері, сондай-ақ өнеркәсіп, логистика, энергетика, машина жасау, инфрақұрылым және жер қойнауын пайдалану салаларында жұмыс істейтін жетекші неміс компанияларының өкілдері кірді.

Кездесуге қатысушыларды қарсы алған Қанат Шарлапаев қазақстандық-германдық әріптестіктің жоғары деңгейін және оны одан әрі дамыту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Германия көптеген жылдар бойы тұрақты, сенімді әрі терең ықпалдасқан экономикалық қатынастар қалыптастырып келеді. Германия дәстүрлі түрде еліміздің Еуропадағы ең ірі әрі маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады және өңірлік экономикаға инвестиция салатын негізгі инвесторлардың қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 4,4 млрд АҚШ долларын құрап, 9,5%-ға өсті. Біздің мақсатымыз қазіргі тауар айналымын сақтап қалумен ғана шектелмей, жоғары технологиялық өндірістерді, өнеркәсіптік кооперацияны және қосылған құнның бірлескен тізбектерін дамыту арқылы екіжақты қатынастарға жаңа стратегиялық серпін беру болып табылады», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Кездесу барысында Германияның Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі болып қала беретіні айтылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Германияға экспортының көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде жеткізілімдердің 78%-дан астамы шикі мұнайға тиесілі болды. Германиядан импорт көлемі 3,1 млрд АҚШ долларына жетіп, негізінен дәрілік заттар, электр генераторлық қондырғылар, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы жабдықтары секілді жоғары технологиялық өнімдерден құралды.

Тараптар стратегиялық маңызы бар шикізат ресурстарын тұрақты жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстанның стратегиялық металдардың сенімді өндірушісі екені және жоғары технологиялық өндірістер мен энергетикалық трансформация үшін сұранысқа ие материалдарды қоса алғанда, маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында бірлескен жобаларды дамытуға елеулі әлеуеті бар екені атап өтілді.

Кездесуге қатысушылар энергетика, машина жасау, көлік-логистика инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын да талқылады. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, энергия тиімді технологияларды енгізу және Қазақстанда өндірістерді жергіліктендіру жобалары ерекше қызығушылық тудырды.

Талқылау барысында Қазақстанның бизнес-климатты жақсарту, көлік байланысын дамыту және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысының арқасында Орталық Азиядағы ең тартымды инвестициялық юрисдикция мәртебесін сақтап отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы даулардың шамамен 50%-ы кәсіпкерлердің пайдасына шешіледі, бұл қолданыстағы құқықтық тетіктердің ашықтығы мен тиімділігін көрсетеді. Сонымен қатар, тау-кен өндіру саласы 250 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып, ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі болып қала береді.

Кездесуге Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов та қатысты. Ол Қазақстан мен Германияның екі елдің іскерлік топтары арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде өнеркәсіптік кооперация, логистика, шикізатты қайта өңдеу және экономиканың шикізаттық емес салаларына инвестициялар тарту бағыттарында тереңдету үшін кең мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға және Қазақстан мен Германия арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға бағытталған жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілік танытатындарын растады.

 

view 55
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.