Белградта Қазақстан-Сербия бизнес-форумы өтті
2024 жылы 12 қарашада Белградта Қазақстан-Сербия бизнес-форумы өтіп, Қазақстан мен Сербия арасындағы экономикалық ынтымақтастық болашағын талқылауға маңызды алаңға айналды. Іс-шараға Сербия Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Михаило Весович, Қазақстан Республикасының Сербиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәди Атамқұлов және Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты.
Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов елдер арасындағы тарихи байланыстардың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің ынтымақтастығымыз 1996 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бері дерлік отыз жыл бойы жалғасып келеді. Қашықтық пен әртүрлі экономикалық жағдайларға қарамастан, біз серіктестікті дамыту үшін берік негіз құра алдық», – деді спикер.
Сондай-ақ ол елдер арасындағы сауда өсімінің қарқынын атап өтіп, 2023 жылы тауар айналымының 23%-ға артып, 91 млн АҚШ долларынан асқанын айтты. Бұл өсім өзара мүдделердің кеңейіп, экономикалық байланыстардың нығайғанын көрсетеді. Қазақстан мен Сербия компаниялары ортақ мүдделерді тауып, серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашуда.
«Қазақстан Сербияға ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералды тыңайтқыштар сияқты кең ауқымды тауарларды жеткізеді. Ал Сербия Қазақстанға дәрілік заттар, темекі өнімдері және ауыл шаруашылығына арналған жабдықтарды экспорттайды. Екі ел бұл ынтымақтастықты жаңа сауда және өнеркәсіп бағыттары арқылы айтарлықтай кеңейте алады», – деп атап өтті Қарымсақов.
Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Қазақстан Сыртқы сауда палатасының бизнес пен инвестиция үшін жағдайларды жақсарту саласындағы жетістіктерімен бөлісіп, форумға қатысушыларды Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны пайдалануға шақырды. Бұл платформада қазірдің өзінде 40 млрд АҚШ долларына бағаланған 755 инвестициялық жоба қамтылған.
«Біз шетелдік инвесторлар үшін ашық есік саясатын ұстанамыз, болжамды салықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, әділ кәсіпкерлік ортаны қалыптастырамыз. Халықаралық ынтымақтастықты қолдау үшін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа әзірленді. Осылайша, біз серіктестерді іздеуден бастап жобаларды толық сүйемелдеуге дейін инвесторларға қолдау көрсете аламыз. Біздің мақсатымыз – елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты тұрақты нәтижелерге жеткізіп, барлық тараптарға пайда әкелу», – деп түйіндеді Сыртқы сауда палатасының басшысы.
Форум аясында Сербия Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Михаило Весович пен Мұрат Қарымсақов және басқа да ресми тұлғалар арасында екіжақты кездесу өтті. Онда ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды дамыту жолдары талқыланды.
Форум барысында бизнес-диалогтар мен B2B кездесулер ұйымдастырылып, қазақстандық бизнес медицина және фармацевтика (Aeromed Tehnology group, Grand Pharmaceutical doo Beograd), логистика және автомобиль өнеркәсібі/тасымалдау (CMA CGM POMORSKA AGENCIJA DOO, EMA DOO VF Holding, Trans Cargo Logistic doo) сияқты салаларда қызмет ететін сербиялық компаниялармен кездесті.
Диалогтар шеңберінде сондай-ақ раушан көшеттері мен көкөніс тұқымдарын өндіру және сату, ауыз су мен ағынды суларды тазарту технологияларын әзірлеу саласындағы компаниялар таныстырылды (Kalem - Voće Miladinović, Superior doo, SIGMA CRVENKA DOO). Ауыл шаруашылығы, ғылыми зерттеулер, биотехнологиялар және биотехникалық ғылымдар саласындағы эксперименттік әзірлемелер бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстандық компаниялар сондай-ақ сату және экспорт делдалдығы, құрылыс және көшет өндіру саласындағы серіктестерімен байланыс орнатты (Monteagro DLM, Structura Concept).