

Астанада Түрікменстан делегациясымен жұмыс кездесуі өтті
2025 жылғы 30 мамырда Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Түрікменстан делегациясы арасында жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Түрікменстанның мемлекеттік құрылымдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан кездесуге Сыртқы сауда палатасының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жакутова және Қазақстан-Түрікменстан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Айдар Қазыбаев қатысты.
Кездесу барысында Диана Жакутова түрікмен делегациясын қарсы алып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Сыртқы сауда палатасының қызметімен таныстырды. Ол Қазақстанның өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға арналған мүмкіндіктерін көрсететін интерактивті инвестициялық картаға ерекше тоқталды.
Айдар Қазыбаев биыл Ашхабад – Алматы бағытындағы тікелей әуе рейсін іске қосу жоспарланып отырғанын, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы шекара маңы жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жандандырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл шаралар екіжақты тауар айналымының көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
— Жақын арада біз Түрікменстан Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағымен онлайн-кездесу ұйымдастырамыз. Бұл тараптардың экспорттаушылар пулын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл шара қысқа мерзім ішінде тауар айналымының көлемін екі есеге арттырып, 1 миллиард АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік береді, — деді Айдар Қазыбаев.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрады.
Кездесу барысында 2025 жылғы 3 қыркүйекке жоспарланған Қазақстан-Түрікменстан Іскерлік кеңесінің отырысына дайындыққа ерекше назар аударылды. Аталған іс-шара аясында Сыртқы сауда палатасы Түрікменстан нарығына отандық тауар өндірушілердің онлайн-қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа электрондық сауда платформасын таныстыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, әңгіме барысында 2025 жылғы 17 маусымда Астанада «Қытай – Орталық Азия» Іскерлік кеңесінің отырысы өтетіні атап өтілді. Аталған шара аясында Түрікменстан делегациясы, оның ішінде Түрікменстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы бастаған өкілдердің сапары күтілуде.
Кездесу соңында түрікмен тарапы жылы қабылдау, сындарлы диалог және екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға дайындық үшін алғысын білдірді.