ҚССП мен Беларусь СӨП іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады
29 мамыр күні ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері арасында кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жақұтова және Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Геннадий Клыга қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, Қазақстан – Беларусь Іскерлік кеңесінің кезекті отырысына дайындық мәселелерін, сондай-ақ екі елдің бизнес өкілдерінің халықаралық көрме-жәрмеңке іс-шараларына қатысуын талқылады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Беларусь кәсіпкерлері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бизнес-миссиялар ұйымдастыру, B2B-кездесулер өткізу, серіктестер іздеу, экспорттаушыларды сүйемелдеу және екі ел нарығында өнімді ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, қатысушылар қазақстандық тараптың «Иннопром Беларусь» көрмесіне қатысу перспективаларын, көрме қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамыту және «Беларусь – Орталық Азия» форумы аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Талқылаудың жеке бағыты сауда-өнеркәсіп ұйымдарының қызметтерін цифрландыру, электрондық құжат айналымын дамыту, сондай-ақ ЕАЭО елдері мен үшінші мемлекеттер арасында тауарлардың шығу тегі сертификаттарымен электрондық алмасу тетіктерін енгізу мәселелеріне арналды.
Бұдан бөлек, тараптар сауда-экономикалық миссияларды ұйымдастыру, шетелдік делегацияларды сүйемелдеу, коммерциялық қызметтер көрсету бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ логистика, биржалық сауда және экспорттық-импорттық реттеу салаларындағы бірқатар жүйелі мәселелер қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша Беларусь Республикасында «Иннопром Беларусь» көрмесі аясында Қазақстан – Беларусь Іскерлік кеңесінің кезекті отырысына дайындықты жалғастыру, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған бизнес-миссиялар, форумдар мен салалық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысты жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.