Қазақстан мен Кипр іскерлік ынтымақтастықты нығайтуда
2026 жылғы 3 маусымда Астанада Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен Қазақстан-Кипр бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, іскерлік бірлестіктерінің және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Форум жұмысына сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев қатысты.

Форумның маңызды оқиғаларының бірі Кипр Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болды. Құжат Қазақстан-Кипр Іскерлік кеңесін құруға және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді алаңын қалыптастыруға негіз қалайды.
Форум барысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Қазақстан мен Кипрдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жиырма жыл ішінде Кипрден Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 5,4 млрд АҚШ долларын құрады, ал бүгінде Қазақстан нарығында кипрлік капиталдың қатысуымен шамамен 350 кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.

«Бүгінде Қазақстан экономиканы терең цифрлық трансформациялау кезеңінен өтіп, шетелдік инвестициялар үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыруда. Кипр – Еуропалық одақтағы маңызды серіктестеріміздің бірі және финтех, консалтинг пен активтерді басқару салаларында бірегей тәжірибеге ие мемлекет», – деді Мұрат Қарымсақов.
Форум аясында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, цифрландыру, қаржылық технологиялар, сондай-ақ экспортқа бағдарланған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар екі ел компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін талқылады.


Іскерлік бағдарлама аясында кипрлік компаниялардың таныстырылымдары және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға әрі ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын пысықтауға бағытталған екіжақты B2B кездесулер өтті.
Ұлттық палата мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту және қазақстандық әрі шетелдік бизнестің бірлескен бастамаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмысты жалғастырады.