bg
bg
Басты бет Жаңалықтар «Атамекен» ҰКП және...

«Атамекен» ҰКП және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Боао Азиялық форумы делегациясымен кездесу өткізді

img

 

2025 жылғы 30 мамырда Астанада Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Боао Азиялық форумы (БАФ) делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны Форумның Бас хатшысы Чжан Цзюнь бастап келді.

Қазақстан тарапынан кездесуге «Атамекен» ҰКП Президиумының Төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Төрағасы Мұрат Қарымсақов және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жакутова қатысты.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық бизнес-қауымдастық пен Боао форумының арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылап, экономикалық байланыстарды тереңдету, цифрлық платформаларды дамыту және Орталық Азия аймағындағы бірлескен бастамаларды кеңейту мәселелеріне назар аударды.

«Қазақстан Қытаймен екіжақты және көпжақты форматтарда ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Біз тұрақты диалог пен жан-жақты іскерлік өзара әрекеттестікке ашықпыз. Бүгінгі кездесу ұйымдарымыз арасындағы іскерлік байланысты нығайтудағы маңызды кезеңге айналып, орнықты әрі өзара тиімді серіктестік үшін жаңа көкжиектер ашады деп сенемін», – деді Райымбек Баталов.

Чжан Цзюнь қонақжай қабылдау үшін алғысын білдіріп, БАФ экономикалық интеграцияны ілгерілетуге бағытталған халықаралық платформа екенін атап өтті. Форум тұрақты даму, климаттық өзгерістерге қарсы күрес, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және БҰҰ-ның жаһандық мақсаттарын орындау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. БАФ қызметінің басты бағыттарының бірі – ғылым, технология және инновация салаларындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту.

Сапар барысында 2025 жылғы 17 маусымда Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» Іскерлік кеңесінің екінші отырысына ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы БАФ өкілдерін бұл іс-шараға қатысуға шақырып, оны өңірлік ынтымақтастық пен жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылайтын маңызды алаң ретінде атап өтті.

Тараптар экономика, инвестиция, логистика, цифрландыру және жасыл технологиялар салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

 

 

view 54
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.