bg
bg
Басты бет Жаңалықтар «Атамекен» ҰКП: ЕАЭО...

«Атамекен» ҰКП: ЕАЭО кеңістігіндегі өндірістік кооперация мен цифрлық интеграция жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады

img

Астанада V Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕАЭО Іскерлік кеңесі Президиумының XXVIII отырысы және «ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік кооперация: бизнес-идеялар және қолдау тетіктері» тақырыбындағы панельдік сессия өтті. Іс-шараға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдары, бизнес-қоғамдастықтары, салалық қауымдастықтары мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Форум барысында өндірістік кооперацияны дамыту, цифрлық трансформация, жаңа логистикалық бағыттар қалыптастыру, өзара инвестицияларды ынталандыру және ЕАЭО кеңістігіндегі кедергісіз сауда мәселелері талқыланды. Қатысушылар жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында өңірлік интеграцияны күшейту өндірістік тұрақтылық пен технологиялық тәуелсіздіктің негізгі факторына айналып отырғанын атап өтті.

Панельдік пікірталаста ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік кешендерін дамытуға арналған стратегиялық бағдарлар, шағын және орта бизнесті кооперациялық өндірістік тізбектерге тарту, интеграциялық жобаларды қаржылай қолдау құралдары және өнеркәсіптік ынтымақтастықты тежейтін кедергілер кеңінен қаралды.

Сессияға қатысушылар Еуразиялық экономикалық комиссия қалыптастырып жатқан өнеркәсіптік кооперацияны қаржылай қолдау тетіктері мен «ЕАЭО өнеркәсібі» цифрлық платформасының маңызын ерекше атап өтті. Аталған бастамалар кәсіпорындар арасында жаңа серіктестер табуға, өндірістік байланыстарды кеңейтуге және ортақ цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ЕАЭО Іскерлік кеңесі Президиумының кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы аясында интеграциялық процестердің жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

«Қазіргі жаһандық трансформация жағдайында ЕАЭО кеңістігіндегі өндірістік кооперация мен цифрлық интеграция тек экономикалық қажеттілік емес, бұл – мемлекеттердің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет», – деді Қанат Шарлапаев.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономикалық өсудің негізгі драйвері ретінде айқындағанын атап өтті. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және технологиялық әріптестікті кеңейту бағыттарын маңызды басымдықтардың бірі ретінде қарастырады.

Форум аясындағы негізгі тақырыптардың бірі – логистикалық тұрақтылық пен кедергісіз сауданы қамтамасыз ету мәселесі. Қатысушылар жеткізу тізбектерінің өзгеруі, сыртқы нарықтардағы құбылмалылық және жаңа сауда маршруттарының қалыптасуы ЕАЭО елдері арасындағы өндірістік байланысты күшейтуді талап ететінін алға тартты.

Қанат Шарлапаев қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда ЕАЭО елдерінің бизнесі жаңа логистикалық бағыттар мен кооперациялық байланыстар қалыптастыруға мәжбүр екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол Одаққа мүше елдер тарапынан алдын ала келісусіз енгізілетін біржақты шектеулер кәсіпкерлер жұмысына кері әсер етіп, жеткізу тізбектерінің бұзылуына және қосымша қаржылық шығындарға әкелетінін атап өтті.

«Бизнес үшін ең маңыздысы – тұрақтылық пен болжамдылық. Сондықтан ЕАЭО аясындағы барлық шешімдер кәсіпкерлердің нақты мүддесін ескеріп, өзара сенім мен ашық диалог қағидаттарына негізделуі қажет», – деді Қанат Шарлапаев.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП ЕАЭО кеңістігінде бизнестің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, кедергісіз сауда қағидаттарын сақтау және кәсіпкерлер үшін ашық әрі болжамды орта қалыптастыруды маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырады.

Отырыс барысында ЕАЭО-ны 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңде дамытуға арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын іске асыру мәселелері де қаралды. «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – Экономикалық интеграция департаментінің директоры Әлнұр Данишев аталған жол картасына интеграциялық процестерді дамытуға бағытталған 340 іс-шара енгізілгенін хабарлады.

Құжат аясында:

  • ортақ тауар нарығын дамыту;
  • технологиялық кооперацияны күшейту;
  • ортақ көлік-логистика кеңістігін қалыптастыру;
  • цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту;
  • өзара инвестицияларды ынталандыру;
  • ЕАЭО-ның халықаралық экономикалық тартымдылығын арттыру бағыттары қарастырылған.

Сонымен қатар, Іскерлік кеңеске инвестицияларды қорғау, өзара өндірістік кооперацияны кеңейту және қолайлы бизнес-орта қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттер жүктелді. «Атамекен» ҰКП бұл бағытта бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын жүйелеп, Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ілгерілетуді жалғастырады.

Жиын барысында үшінші елдердің бизнес-қоғамдастықтарымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды. Қатысушылар Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Латын Америкасы елдерімен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдардың әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Форум аясында «ALATEX» салааралық қауымдастығы мен құрылыс материалдарын өндірушілердің ұлттық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы, «TransExpeditions» ЖШС мен «РТЛ» ЖШҚ арасында логистика саласындағы өзара іс-қимыл туралы бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойылды.

Іс-шара ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның жаңа кезеңі өндірістік кооперацияны тереңдету, цифрлық технологияларды үйлестіру және бизнестің трансшекаралық байланыстарын күшейту арқылы қалыптасып жатқанын айқындай түсті. Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай практикалық кооперация мен өзара сенімге негізделген экономикалық саясат алдағы жылдары Еуразия кеңістігінің технологиялық орнықтылығы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болмақ.

view 89
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.