

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының жаңа өкілі – Аслан Кунияров

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Аслан Кунияровты Әзербайжандағы Құрметті өкіл қызметіне тағайындағанын хабарлайды.
Аслан Кунияров – халықаралық дипломатия, бизнес және халықаралық Government Relations (GR) саласында көп жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер және сарапшы. Ол мемлекетаралық деңгейде орнықты серіктестік қатынастарды дамытып, елдер арасындағы экономикалық және институционалдық байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді.
Көп жылдан бері түркі дүниесі елдері арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға белсенді атсалысып, халықаралық жобалардың бастамашысы болып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдап келеді.
Қазіргі уақытта ол Әзербайжан–Қазақстан Іскерлік кеңесінің тең төрағасының орынбасары, Түркі кәсіпкерлер қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы, сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының шағын және орта бизнес, туризм, фармацевтика және медицина мәселелері жөніндегі комитеттерінің мүшесі.
Оның халықаралық GR саласындағы тәжірибесі мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастықтармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды, қазақстандық кәсіпкерлердің экономикалық мүдделерін шетелдік нарықтарда ілгерілетуді қамтиды.
Аслан Кунияров Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде, ҚазГЮУ-де, сондай-ақ Женевадағы (Швейцария) Бизнес және халықаралық зерттеулер университетінде білім алған. Қазіргі уақытта ол Прагада халықаралық қатынастар және дипломатия бойынша мамандандырылған докторлық бағдарламаны аяқтауда.
«Қазақстан мен Әзербайжан – тарихи бауырлас халықтар, бұл ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік негіз болып табылады. 2024 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 533 млн АҚШ долларына жетті. Бұл – елеулі нәтиже, бірақ біздің әлеуетіміз әлдеқайда жоғары. Бұл тағайындауды екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қазақстандық бизнестің жаңа нарықтарға шығуына, әзербайжандық бастамаларды ілгерілетуге және ұзақ мерзімді серіктестіктер құруға мүмкіндік ретінде қарастырамын», – деді Аслан Кунияров.
Сыртқы сауда палатасы жаңа құрметті өкілдің тәжірибесі мен халықаралық байланыстары екіжақты ынтымақтастық көкжиегін кеңейтіп, экспорттық әлеуетті арттыруға және екі ел кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектесетініне сенімді.