Конституциялық реформа Қазақстанның институционалдық негіздерін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырады - Мұрат Қарымсақов
Конституциялық реформа Қазақстанның институционалдық дамуының маңызды кезеңі болып табылады және ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен бизнес пен халықаралық серіктестер тарапынан сенімді нығайтудың берік негізін қалайды. Бұл жекелеген, нүктелік өзгерістер туралы емес, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыратын, Негізгі заңның барлық бөлімдерін қамтитын ауқымды конституциялық жаңғырту жөнінде сөз болып отыр.
Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттарын бекіту кәсіпкерлік қызмет үшін неғұрлым болжамды әрі ашық ортаны қалыптастырады. Іскерлік қауымдастық үшін бұл құқықтық кепілдіктердің күшеюін, инвесторлар мүдделерінің қорғалуын және экономикалық институттардың тұрақтылығының артуын білдіреді. Конституцияның жаңартылған логикасы мемлекет пен азамат арасындағы анағұрлым айқын тепе-теңдікті қалыптастырып, адам құқықтарын бүкіл құқықтық жүйенің негізі ретінде айқындауы ерекше маңызға ие.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы үшін аталған өзгерістер сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту және инвестиция тарту тұрғысынан нақты практикалық мәнге ие. Тұрақты құқықтық және институционалдық ортаның қалыптасуы инвестициялық ахуалға тікелей әсер етіп, шетелдік серіктестердің сенімін арттырады және халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етеді. Өзгерістер Конституция мазмұнының 80 пайыздан астамын қамтитындықтан, оның жаңа редакциясын қабылдау құқықтық айқындықты және құқықтық реттеудің сапасын күшейтеді, бұл ұзақ мерзімді инвестициялық шешімдер үшін айрықша маңызды.
Адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық берілуі де ерекше мәнге ие. Мұндай тәсіл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал етіп, білімге негізделген экономикаға көшу үшін қажетті жағдайларды қалыптастырады, бұл Қазақстанның жаһандық қосылған құн тізбектеріне интеграциялануы тұрғысынан аса өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, жаңартылған Конституция ескірген, шамадан тыс орталықтандырылған модельден айқын қалыптасқан институттары мен тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктері бар заманауи, теңгерімді жүйеге көшуді бейнелейді.
Жалпы алғанда, конституциялық өзгерістер елдің заманауи, ашық және болашаққа бағдарланған мемлекет құру бағытын айқын растайды. Мұндай мемлекетте экономикалық тұрақтылық, іскерлік ортаны жақсарту және институттарды нығайту тұрақты өсімге, инвестициялық белсенділіктің артуына және халықаралық экономикалық әріптестіктің кеңеюіне берік алғышарттар жасайды. Жаңа Конституция мемлекет азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі мен өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері үшін қызмет етуі тиіс деген адамға бағдарланған қағидатты бекітіп, экономика мен қоғамды дамытудың сапалық тұрғыдан жаңа негізін қалыптастырады.