Қазақстан мен Жапония сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындады
2026 жылғы 9 қыркүйекте «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақовтың Жапонияның өкілді делегациясымен кездесуі өтті.
Іс-шараның модераторы «Атамекен» ҚР ҰКП Тексеру комиссиясының төрағасы Нұрлан Сәрсенбай болды. Талқылауға сондай-ақ «QazTrade», «KAZAKH INVEST», «Integra Construction KZ» өкілдері және Ұлттық палатаның департамент директорлары қатысты.

Жапония делегациясының құрамына Жапония-Қытай «Бір белдеу — бір жол» бастамасына жәрдемдесу қауымдастығының, ғылыми-зерттеу институттарының, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA), жоғары оқу орындары мен Жапонияның іскер топтарының өкілдері кірді.
Кездесуге қатысушылар қатарында Орталық Еуразиялық зерттеу кеңесі директорлар кеңесінің төрағасы Тэцудзи Танака, Жапония-Қытай жәрдемдесу қауымдастығының вице-төрағасы, Shimabun Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Хироо Симада, Жапония-Қытай жәрдемдесу қауымдастығының өкілді директоры Ёсикадзу Оно, Тоттори экологиялық зерттеулер қоғамдық университетінің профессоры Ясутоси Айкава және басқалар болды.

Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов Қазақстанның сыртқы сауда саясаты ашықтық, прагматизм, көпвекторлылық және әлемдік экономикаға жан-жақты ықпалдасу қағидаттарына негізделгенін атап өтті. Ел экспортты дәйекті түрде әртараптандырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын — Орта дәлізді дамытып, технологиялық инвестициялар тартуға жағдай жасап келеді.
Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту, сондай-ақ жапон технологиялары мен басқарушылық құзыреттерді қолдана отырып, бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларына баса назар аударылды.
«Осы тұрғыда жоғары технологиялары мен басқару стандарттары экономикамызды жаңғырту бағытына толық сәйкес келетін Жапония біз үшін стратегиялық басымдық болып табылады», — деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.
Кездесуде ұсынылған деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстандық экспорт 434,3 млн долларды, Жапониядан импорт 1,3 млрд долларды құрады. Қазақстан экспортының негізін ферроқорытпалар мен басқа да металдар, мұнай, көмір және химия өнімдері құрайды. Жапониядан Қазақстанға негізінен автомобильдер, жүк және арнайы техника, медициналық жабдықтар, шиналар және басқа да өнеркәсіптік тауарлар импортталады.
Тараптар өзара саудадағы тауарлар номенклатурасын кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті. Машина жасау, көлік және логистика салалары, цифрландыру, қаржы технологиялары, жасыл энергетика, жоғары технологиялық өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, Қазақстанда жапон капиталының қатысуымен 68-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Елде INPEX, Marubeni Corporation, Sumitomo Corporation, Mitsui & Co., Mitsubishi Corporation, Toyota Tsusho Corporation, Sojitz Corporation, Itochu Corporation, Nissin Corporation және MUFG Bank компаниялары қызмет атқарады. Жапон компаниялары мұнай-газ секторында, энергетикада, өнеркәсіпте, инфрақұрылымда, автомобиль саласында, логистикада, сауда мен қаржы салаларында жобаларды жүзеге асыруда.
Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің іскерлік диалог жүргізу, бірлескен жұмысты үйлестіру және инвестициялық жобаларды ілгерілетуге арналған практикалық алаң ретіндегі рөлі атап өтілді. Комитеттің кезекті отырысын 2026 жылғы желтоқсанда өткізу жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға, қазақстандық және жапондық компаниялар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға және өзара тиімді жаңа бастамаларды пысықтауға мүдделі екенін білдірді.
