Қазақстан мен Корея іскерлік байланыстарын нығайтуда: басымдық логистика, инвестиция мен технологияларда
Корея Республикасына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев 14-16 қыркүйек аралығында Сеулде өткен бірқатар негізгі іскерлік іс-шараға қатысты.
14 қыркүйекте Қанат Шарлапаев «Қазақстан Республикасы – Корея Республикасы: көлік және логистика» бизнес-форумында сөз сөйледі. Іс-шарада жүк авиациясын, теміржол және теңіз тасымалдарын, мультимодальды бағыттар мен көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ Шығыс Азия, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы жалпы сипаттағы уағдаластықтардан нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшу қажеттігін атап өтті. Басым бағыттар қатарында тікелей көлік қатынасын кеңейту, теміржол және мультимодальды жүк тасымалдарының көлемін ұлғайту, жүк авиациясын дамыту, Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымына кореялық инвестицияларды тарту, цифрлық шешімдерді енгізу және Корея, Қазақстан, Орталық Азия, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелері атап өтілді.
15 қыркүйекте Қанат Шарлапаев екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өткен «Қазақстан – Корея» іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты. Іс-шара барысында Alatau Smart City жобалары таныстырылып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды және коммерциялық құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының мемлекеттік сапары аясындағы іскерлік бағдарлама барысында Қазақстан мен Корея арасында жалпы сомасы шамамен 19 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылды.

Іскерлік бағдарламаның қорытынды іс-шарасы – «Корея – Орталық Азия 2026» Бірінші бизнес-саммиті. Саммитте сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, аса маңызды минералдар, энергетика және орнықты жеткізу тізбектері, өнеркәсіптік кооперация, инфрақұрылым және логистика мәселелері талқыланды. 16 қыркүйекте өткен «Корея – Орталық Азия» алғашқы саммитіне Корея Республикасының және Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары қатысты, ал бизнес бағдарламасы қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыруға бағытталды.
Бизнес-саммит қорытындысы бойынша Қанат Шарлапаев Қазақстанның іскерлік қоғамдастығы атынан «Корея – Орталық Азия 2026» Бірінші бизнес-саммитінің Бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Құжатқа Қазақстан, Корея Республикасы, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның іскерлік қоғамдастықтарының өкілдері қол қойды.

Бірлескен мәлімдеме жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қоса алғанда, сауда мен инвестицияларды кеңейту; аса маңызды минералдар, энергетика және жеткізу тізбектері саласындағы өзара іс-қимыл; өнеркәсіптік кооперацияны, инфрақұрылым мен логистиканы дамыту сынды үш негізгі бағыт бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Тараптар сондай-ақ бизнес-ұйымдар мен компаниялар арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтіп, белгіленген ынтымақтастық бағыттарын нақты жобалар мен практикалық нәтижелерге айналдыруға ниет білдірді.