Астанада «B5+Италия» жаңа іскерлік платформасы іске қосылды
Астанада Италия мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, іскерлік бірлестіктерінің, даму институттары мен компанияларының өкілдерін біріктірген «B5+Италия» Диалог платформасының бірінші отырысы өтті.
Іс-шараның негізгі қорытындыларының бірі платформаны іске қосу туралы Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы болды. Жаңа формат мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты диалогті қамтамасыз етуге, бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеуге және Орталық Азия мен Италия кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
Пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің Мемлекеттік хатшысының орынбасары Мария Триподи, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның бейінді ведомстволарының өкілдері, Италия сауда агенттігінің президенті Маттео Дзоппас, сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Палата басшысы платформаның жұмысын нақты жобалар мен мәмілелерді әзірлеуге бағыттауды ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы серіктестерімен бірлесіп, өңір елдерінің басым инвестициялық және технологиялық жобаларының бірыңғай тізбесін қалыптастыруға дайын екенін жеткізді.
«Диалог платформасы жаңа идеяларды нақты келісімшарттар мен бірлескен жобаларға дейін жеткізетін тұрақты жұмыс істейтін тетікке айналуға тиіс», — деді Мұрат Қарымсақов.

Өнеркәсіптік өндіріс, аса маңызды минералдарды өңдеу, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және көлік инфрақұрылымы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде белгіленді. Италиялық компаниялар Орталық Азия нарығына шығуға мүдделі болса, өңір елдері Италияның технологияларын, инвестициялары мен өндірістік құзыреттерін тартуды көздейді.
Орта дәлізді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Италиялық бизнеске Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға қажетті порттарды, терминалдарды және цифрлық жүйелерді жаңғыртуға қатысу ұсынылды.
Бизнесті сүйемелдеу тетігін құру тағы бір практикалық бағыт болмақ. Бұл тетік компанияларға серіктестер іздеуге, әкімшілік рәсімдерден өтуге және B2B әрі B2G деңгейлеріндегі жобаларды іске асыруға көмектесуге тиіс. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Италия компаниялары, қазақстандық бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын екенін білдірді.
Іс-шара бағдарламасы аясында аса маңызды минералдар, энергетикалық ауысу, су ресурстары, экологиялық орнықтылық, Орта дәліз және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелеріне арналған салалық сессиялар өтті. Форум Орталық Азия мен Италия компаниялары арасындағы тікелей келіссөздермен, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен даму институттары өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулермен қорытындыланды.