

Қазақстан мен Германия экономикалық әріптестікті нығайтуда

2025 жылғы 28 мамырда Астана қаласында Саар жерінің Бундесраттағы өкілі мырза Бишоффтың қатысуымен Қазақстан-Германия іскерлік кездесуі өтті.
Кездесуді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов ашты. Ол Қазақстан мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың өзара мүдде мен сенімге негізделген тұрақты оң динамика көрсетіп отырғанын атап өтті. 2024 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға жоғары. Сонымен қатар, Германияға қазақстандық экспорт 49%-ға өсіп, 1,1 млрд АҚШ долларына жетті.
Мұрат Қарымсақовтың айтуынша: «Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция үшін ең тартымды серіктестердің бірі болып қала береді — бұл табиғи ресурстарға байлығы, Еуропа мен Азия арасындағы тиімді географиялық орналасуы және экономиканы тұрақты жаңғыртуға ұмтылысымен байланысты. Біз неміс компанияларына жан-жақты қолдау көрсетуге және Қазақстанда жұмыс істеу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз».
Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының бірқатар негізгі бағыттары таныстырылды. Олардың қатарында — Неміс халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы бар. Бұл бастама шағын және орта бизнесті неміс компанияларымен тұрақты әріптестік орнату арқылы қолдауға бағытталған. 2024 жылы осы бағдарлама аясында Қазақстаннан 38 кәсіпкер Германияда тақырыптық тағылымдамадан өтті.
Сонымен қатар, қатысушыларға 1280 инвестициялық жобаны қамтитын, жалпы сомасы 87,6 млрд АҚШ долларына бағаланған тікелей инвестициялық қолжетімділік беретін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа таныстырылды. Платформа инвестициялық шешімдер қабылдау үшін қажетті деректердің ашықтығын, жеделдігін және шынайылығын қамтамасыз етеді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және коммерциялық дауларды шешу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап «Атамекен» ҰКП жанындағы Арбитраж орталығының дауларды жедел әрі әділ шешуге мүмкіндік беретін тиімді тетік ретіндегі рөлін атап өтті. Бұл орталық, әсіресе, құрамында шетелдік, соның ішінде неміс капиталы бар компаниялар үшін қолжетімді әрі сенімді құқықтық қорғау құралы ретінде ерекшеленеді.
Қазақстан тарапы Германиямен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, сауда, инвестиция және инновациялық өзара іс-қимыл салаларындағы екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.