Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы UK Export Finance-пен бірлескен жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылады
2026 жылғы 29 сәуірде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының UK Export Finance (UKEF) — Ұлыбританияның экспорттық-кредиттік агенттігінің делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге ҚССП тарапынан Әділ Мұхамедьяров, Коммерциялық қызмет департаменті директорының орынбасары Мадина Есдәулетова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің менеджері Айжан Кошенова, сондай-ақ UKEF тарапынан Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша өңірлік жетекші Кристофер Аллум бастаған делегация, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігінің және бизнес өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін, оның ішінде таза энергетика, көлік және су инфрақұрылымы салаларындағы бастамаларды талқылады. Британдық компаниялардың жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктеріне, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға ерекше назар аударылды.
Жеке блок ретінде құрылымдалған қаржыландыру тетіктері қарастырылды, оның ішінде халықаралық серіктестерді тарта отырып EPC моделі бойынша жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар мұндай жобаларға британдық тараптың қатысу шарттары мен ықтимал форматтарын талқылады.
Сондай-ақ тараптар жобалардағы британдық құрамға қойылатын талаптар, оның ішінде кемінде 20% базалық қатысу шегі бойынша пікір алмасты және қажетті локализация деңгейін қамтамасыз ету тәсілдерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты дамытуға және экспорттық қаржыландыру құралдарын тарта отырып бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша өзара мүдделілік расталды. Сонымен қатар, тараптар инвестициялық әріптестікті дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді көздейтін бірлескен меморандумға қол қою туралы уағдаласты.