Қазақстан ТМҰ аясында экономикалық интеграцияның жаңа кезеңін бастайды
Стамбулда «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев пен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және іскерлік кооперацияны дамыту бойынша нақты қадамдар талқыланды.
Жұмыс сапары Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттері басшыларының Саммитіне дайындық, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ елдер арасындағы интеграцияны кеңейту аясында өтуде.
Кездесу барысында қазіргі кезеңде саяси өзара іс-қимылдан нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге көшу басымдыққа ие екені атап өтілді. Өзара инвестицияларды ұлғайту, бірлескен жобаларды дамыту және түркі елдері кеңістігінде бизнес жүргізу шарттарын жүйелі түрде жеңілдету қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, бизнес ынтымақтастығының маңызды тетігі ретінде еркін экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, сондай-ақ негізгі салалардағы кооперациялық жобаларды қаржыландыру белгіленді.

2026 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағына төрағалық етеді. Осыған байланысты қазақстандық тарап ағымдағы кезеңді өзара іс-қимылды жаңарту және институционалдық тұрғыдан нығайту кезеңі ретінде қарастырады. Атап айтқанда, сауда, инвестициялар және кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді қабылдау арқылы Одаққа толыққанды халықаралық ұйым мәртебесін беру ұсынылды.
Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында Одақтың тұрақты жұмыс істейтін Хатшылығын құру ұсынылды. Бұл құрылым бірлескен жобаларды сүйемелдеу және ТМҰ елдерінің бизнесі арасындағы өзара іс-қимылды үйлестірудің операциялық орталығына айналады.
Талқылаудың жеке бағыты іскерлік өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін дамыту болды. Қолданыстағы екіжақты форматтарға қосымша ретінде Канат Шарлапаев «Қазақстан Республикасы – ТМҰ елдері» көпжақты Іскерлік кеңесін құруды ұсынды. Бұл кеңес трансұлттық жобаларды, соның ішінде көлік-логистикалық дәліздерді дамыту және бірлескен өндірістік кластерлер құруды жүзеге асыратын бірыңғай алаңға айналады.

Осы бастама аясында нақты кооперациялық жобалар портфелін қалыптастыруға, өзара саудадағы кедергілерді бірыңғай цифрлық шектеулер тізілімін құру арқылы жоюға, сондай-ақ Түркі инвестициялық қоры құралдарын перспективалы бастамаларды бірлесіп қаржыландыру үшін пайдалануға басымдық беру ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық тарап ТМҰ Бас хатшысын 2026 жылғы 13 мамырда Қазақстанда өтетін ТМҰ елдерінің Бизнес-форумына қатысуға шақырды. Форум Саммит қарсаңында нақты практикалық шешімдер әзірлеуге және коммерциялық келісімдер пакетін дайындауға арналған алаң болады деп күтілуде.
«Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлікті дамытуға және түркі бизнесінің халықаралық аренадағы позицияларын нығайтуға бағытталған тиімді экономикалық экожүйені қалыптастыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екенін растайды.