bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Германияның...

Қазақстан мен Германияның іскер топтары ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

img

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Германия Федеративтік Республикасының делегациясымен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне көшу және екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша мазмұнды диалог жүргізді.

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, сондай-ақ, Палатаның салалық департаменттерінің басшылары қатысты. Германия тарапынан жер қойнауын пайдалану, су технологиялары, машина жасау, туризм, сақтандыру және жоғары технологиялық шешімдер салаларында жұмыс істейтін жетекші компаниялардың инвесторлары мен басшылары қатысты. Олардың қатарында Delcreda GmbH Mainz, City Tours Europe GmbH, Texoga және Hereus компанияларының өкілдері бар.

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев «Атамекен» ҰКП-ның бизнеске қолдау көрсететін негізгі институт ретіндегі рөлін атап өтіп, мемлекеттік органдармен диалогты қамтамасыз ету және инвестициялық жобаларды сүйемелдеудегі маңызын айтты. Сонымен қатар, ол практикалық бағыттағы өзара іс-қимыл мен елдер арасындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің маңыздылығын жеткізді.

«Германия дәстүрлі түрде Қазақстанның негізгі технологиялық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 4,4 млрд АҚШ долларына жетіп, 9,5%-ға өсті. Қазақстанның Германияға экспорты 1,2 млрд долларды құрады, оның ішінде шикі мұнайдың үлесі әлі де басым - 78%. Алайда, біздің стратегиялық мақсатымыз – әртараптандыру. Біз металлургиядан бастап агроөнеркәсіптік кешендегі терең өңдеуге дейінгі жоғары қосылған құны бар өнімдердің экспортын арттыруға бағытталғанбыз. Германиядан 3,1 млрд доллар көлеміндегі импорт – бұл, шын мәнінде, «дамуға салынған инвестициялар». Біз өндірісті жаңғыртуға негіз болатын неміс жабдықтары мен технологияларына мүдделіміз», - деді Қанат Шарлапаев.

Өз кезегінде, неміс делегациясының өкілдері компанияларының қызмет бағыттары мен құзыреттерін таныстырды. Тараптар туризм саласындағы жобаларды дамыту, суды тазартудың заманауи технологиялары, сауда несиесін басқару әлеуеті, әскери жабдық өндірісі және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады және нақты инвестициялық бастамаларды пысықтауға, сондай-ақ, бірлескен жобаларды іске қосуға дайын екендіктерін білдірді.

view 82
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.