

Қазақстан мен Бенилюкс іскерлік ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен «БеНиЛюкс» Сауда палатасының өкілдері кездесті. Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты нығайту, экспорттаушыларды қолдау, инвестиция тарту және бизнесті цифрландыру мәселелері қарастырылды.
Кездесуге Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Каримсаков, халықаралық ынтымақтастық және коммерциялық қызмет департаменттерінің директор орынбасарлары, сондай-ақ «БеНиЛюкс» Сауда палатасының бас директоры Арман Кумисбаев пен оның орынбасары Ирина Ли қатысты.
Кездесуде басты тақырыптардың бірі – Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің 2025 жылдың маусым айында Брюссельде өтетін отырысы болды. Іс-шара аясында бизнесті қаржыландыру, еуропалық инвесторлармен ынтымақтастық және Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ 2025 жылдың күзіне Алматы қаласында Қазақстан-Нидерланд іскерлік кеңесінің отырысы жоспарланған. Оған қазақстандық және нидерландтық компаниялар қатысып, екіжақты серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін қарастырады.
Кездесу барысында бизнесті цифрландыру, оның ішінде eGov Business платформасын енгізу мәселелері талқыланды. Бұл платформа кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау реестріне, бизнес-климаттың аналитикасына және басқа да цифрлық құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның органикалық өнімдеріне Бенилюкс елдерінде сұраныстың артып келе жатқаны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және халықаралық іс-шараларға қатысу үшін бизнес делегацияларын қалыптастыруға дайын екендіктерін білдірді.