bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Исламабадта Қазақстанның...

Исламабадта Қазақстанның экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

img

Исламабад, 2026 жылғы 18 қараша – Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігі Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен Пәкістанның мемлекеттік органдары, жетекші бизнес қауымдастықтары, іскер топтары мен БАҚ өкілдері қатысқан іскерлік кездесу ұйымдастырды. Іс-шара ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған елдің экономикалық дамуының негізгі басымдықтарына, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына арналды.

Кездесуге Пәкістан тарапынан Пәкістан Премьер-министрінің кеңесшісі Сардар Ясир Ильяс Хан, Пәкістан Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының президенті Атиф Икрам Шейх, Пәкістан Өнеркәсіп және өндіріс министрінің орынбасары Хумайра Муфти, Пәкістан Сауда министрінің сауда дипломатиясы мәселелері жөніндегі орынбасары Насир Хамид, Пәкістан Теміржол министрінің орынбасары Шоаиб Адиль, Исламабад және Равалпинди қалаларының сауда-өнеркәсіп палаталарының, Гуджранвала іскерлік альянсының басшылары, сондай-ақ Пәкістанның жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

Қазақстан тарапынан Қазақстан Сыртқы сауда палатасы Басқармасының мүшесі - Аппарат басшысы Нұрлан Жанбатыров, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азат Қабдрашитов және «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілі Айдар Жантурин қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Еркін Тұқымов еліміздің тәуелсіздік алған 35 жыл ішіндегі негізгі жетістіктеріне тоқталып, Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика және Еуразиядағы жетекші инвестициялық орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін атап өтті. Екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанның Пәкістанның теңіз порттарына шығуын қамтамасыз ететін көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, сондай-ақ қазақстандық тауарларды Пәкістанның 250 миллиондық нарығына шығару мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Елші Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы ақпанда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Н.Жанбатыров халықаралық сауданы дамыту, қазақстандық экспорттаушыларды қолдау және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне тоқталды. А.Қабдрашитов Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін, экономиканың басым салаларын, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы перспективалы жобаларды таныстырды. Қолайлы инвестициялық ахуалға, инфрақұрылымды дамытуға және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктеріне ерекше назар аударылды. Өз кезегінде А.Жантурин онлайн форматта қатысушыларды ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген АХҚО қызметімен, оның құқықтық және қаржылық инфрақұрылымымен таныстырып, Орталықта 6,8 мыңнан астам компания, оның ішінде Пәкістанның 13 компаниясы тіркелгенін атап өтті.

Кездесуде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі Пәкістанның мемлекеттік органдары мен іскерлік қоғамдастығының өкілдері де сөз сөйледі.

Пәкістан Премьер-министрінің кеңесшісі С.Я.Хан қол жеткізілген саяси уағдаластықтардан екіжақты тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға ықпал ететін нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшудің қажеттігін атап өтті. Пәкістанның туризм саласы жыл сайын шамамен 19 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс әкелетінін және 5 млн-ға жуық жұмыс орнын қамтамасыз ететінін айта келе, ол туризм, қонақүй бизнесі, бөлшек сауда, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті. Бірлескен кәсіпорындар құруға және тікелей әуе қатынасын қалпына келтіруге ерекше назар аударылды.

Пәкістан Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының президенті А.И.Шейх Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлі толық пайдаланылмаған елеулі әлеуетін атап өтті. Перспективалы бағыттар ретінде ол ауыл шаруашылығы өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, фармацевтикалық тауарларды, энергетикалық ресурстарды, минералдық шикізат пен астықты өзара жеткізуді, сондай-ақ агроөнеркәсіптік және тау-кен өндіру секторларында бірлескен кәсіпорындар құруды атады.

Пәкістан Теміржол министрінің орынбасары Ш.Адиль Ауғанстан аумағы арқылы Карачи және Гвадар теңіз порттарына шығатын CASA көлік дәлізін дамытудың ерекше перспективаларын атап өтіп, қазақстандық тараппен бірлескен жұмыс топтарын құруға мүдделілік білдірді.

Қазақстанмен 30 жылдық ынтымақтастық тәжірибесі бар Пәкістанның ірі бизнес топтарының бірі «Tabani Group» компаниясының атқарушы директоры Хатим Якуб Табани (активтерінің болжамды құны шамамен 660 млн АҚШ доллары) тоқыма өнеркәсібі, сауда және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру салаларындағы серіктестікті кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Өз кезегінде Пәкістанның жетекші логистикалық компанияларының бірі «TCS» өкілі Ахмад Зафар Қазақстан нарығындағы оң жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, жүк тасымалы, логистикалық бағыттарды және көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын атап өтті.

«ACM Group of Industries» компаниясының директоры Мұхаммад Қасым бин Талха компанияның Пәкістандағы аккумуляторлар нарығының 55%-ын иеленетінін және өнімдерін 26 елге экспорттайтынын мәлімдеді. Қазақстан нарығындағы импорттық аккумуляторлардың жоғары үлесін (70-75%) ескере отырып, ол өнім жеткізуге және бірлескен өндіріс құруға мүдделілік білдірді.

Кездесу барысында Пәкістанның іскер топтары екіжақты тауар айналымын 4 млрд АҚШ долларынан астам деңгейге дейін ұлғайту әлеуетін атап өтіп, бірлескен өндірістер құруға, сондай-ақ Алматы және Лахор қалаларында өзара сауда көрмелерін ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысы бойынша сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы стратегиялық әріптестіктің әлеуетін тиімді пайдалануға өзара мүдделілік расталды.

 

view 18
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.