

Қазақстан мен Литва: іскерлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмірин Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, құттықтау сөз сөйледі. Оның айтуынша, Іскерлік кеңес инвестициялар мен тауар айналымына қатысты мәселелерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды.
«Біздің іскерлік кеңес екі ел арасындағы инвестицияларды дамыту мәселелерін белсенді түрде ілгерілетуде, өйткені бұл диалог алаңы екі ел үшін де оң шешімдерге әкелуі тиіс. Біз көптеген жылдар бойы елдеріміздің тауар айналымы мен транзиттік әлеуетін арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз», – деді Мұрат Әмірин.
Ол сондай-ақ визалық саясаттағы жетістіктерді атап өтті. Бұл транзиттік тасымалдарға оң әсер етеді және Қазақстандық жүргізушілер мен бизнесмендер үшін жағдайды жақсартады.
Өз кезегінде Литва Республикасының Көлік және коммуникациялар вице-министрі Юлий Скаскаускас Көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәні зор екенін баса айтты. Ол Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің сәтті қалпына келуін және Транскаспий бағытын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз Трансеуропалық көлік желісін (TEN-Е) Транскаспий маршрутымен байланыстырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Литва осы жолды дамыту жөніндегі бастаманы қолдайды, бұл біздің елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық мультимодальды тасымалдарды ілгерілетуге көмектеседі», - деп толықтырды спикер.
Скачкаускас сонымен қатар Литваның аймақтағы негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін еске салып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын одан әрі нығайту үшін маңызды болуы мүмкін тереңсулы Клайпеда порты мен дамыған теміржол желісін атап өтті.
Кездесудің қорытындысы B2B келіссөздері болды, онда екі елдің бизнес өкілдері нақты жобалар мен ынтымақтастық жолдарын талқылады.