ҚССП Тель-Авивте өткен Қазақстан–Израиль бизнес-форумына қатысты
Тель-Авивте екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған «New Economy. New Opportunities» Қазақстан–Израиль бизнес-форумы өтті. Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма мүшесі — Аппарат басшысы Нұрлан Жанбатыров қатысты.
Форумға Израильдің 100-ден астам компаниясының, мемлекеттік органдары мен салалық ұйымдарының, сондай-ақ қазақстандық бизнес пен даму институттарының өкілдері жиналды. Қатысушылар энергетика, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев басқарды. Форумның ашылуына Израиль Қаржы министрлігіндегі министр Зеэв Элькин, Израиль Сыртқы істер министрлігі бас директорының орынбасары Яэль Равия-Цадок, Израиль Экспорт институтының бас директоры Нили Шалев, Израиль Инновациялар басқармасының вице-президенті Шломи Кофман және Израиль Өнеркәсіпшілер қауымдастығының президенті Авраам Новогроцки қатысты.
Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық компаниялардың, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері энергетика, аса маңызды минералдарды өңдеу, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.
Өзара іс-қимылдың практикалық бағыттарына, атап айтқанда су ресурстарын басқаруға, тиімді суаруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға Қазақстандағы инвесторларды қолдау және бизнес жүргізу құралдары да таныстырылды.