bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Алматыда Бірінші...

Алматыда Бірінші Қазақстан–Ауғанстан медициналық бизнес-форумы өтті

img

2026 жылғы 27 қазан мен 2 қараша аралығында Ауғанстанның ресми және іскерлік делегациясы Алматыға сапармен келді. Сапар аясында 30 қазанда екі елдің денсаулық сақтау, фармацевтика, медициналық технологиялар және медициналық туризм салаларындағы ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған Бірінші Қазақстан–Ауғанстан медициналық бизнес-форумы өтті.

Іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігі бейінді фармацевтикалық және медициналық қауымдастықтармен, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен, Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасының Кабул қаласындағы Елшілігімен, Кабул қаласындағы Сауда үйімен және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Форумға екі елдің мемлекеттік органдарының, медициналық мекемелерінің, фармацевтикалық кәсіпорындары мен іскерлік топтарының өкілдері қатысты. Ауғанстан тарапынан 26 компания өкілдік етті.

Ауғанстанның ресми делегациясын Қоғамдық денсаулық сақтау министрінің азық-түлік және дәрі-дәрмек мәселелері жөніндегі орынбасары Мавлави Хамдулла Захид басқарды.

Қазақстан тарапынан делегацияны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов басқарды.

Сапар барысында Қазақстанның мемлекеттік органдарының, реттеуші ұйымдарының және фармацевтика саласының өкілдерімен келіссөздер өтті. Дәрілік заттарды тіркеу, медициналық өнімдердің сапасын бақылау, қазақстандық препараттарды жеткізуді ұлғайту және екі елдің кәсіпорындары арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ауғанстан делегациясы өндіріс алаңдарын аралап, Қазақстанның жетекші фармацевтикалық кәсіпорындарының, соның ішінде Nobel, Zhuldyz Kenan, Abdi Ibrahim Global, Kelun-Kazpharm және «МЕДСЕРВИС ПЛЮС» компанияларының қызметімен танысты.

Келіссөздер барысында қазақстандық дәрілік заттардың экспортын кеңейту, тікелей жеткізілімдерді ұйымдастыру, дистрибьюторлық желілерді дамыту және бірлескен коммерциялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Мемлекеттік фармацевтикалық компаниялар арасындағы, атап айтқанда, Қазақстанның «СҚ-Фармация» ЖШС мен Ауғанстанның «Ibn Sina» компаниясы арасындағы дәрілік заттарды жеткізуді ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қазақстанның басқа да фармацевтикалық өндірушілерімен ынтымақтастық мүмкіндіктері пысықталуда. Ауғанстандық серіктестермен келіссөздерге Dolce Pharma, Inkar Pharmacy және басқа да қазақстандық фармацевтикалық компаниялар қатысып, практикалық ынтымақтастық мәселелерін нақты талқылады.

Ауғанстан тарапы Қазақстанда дәрілік заттардың 50-ден астам түрін келісімшарттық негізде өндіруге тапсырыс беруге дайын екенін білдірді.

Сапар аясында ауруханалық медицина саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, оның ішінде қазақстандық медициналық жабдықтарды жеткізу, Ауғанстанның медициналық мекемелерін жабдықтау, заманауи диагностика және емдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ «Барракуда» мобильді госпитальдарын жеткізу мәселелері талқыланды. Медициналық көмектің қолжетімділігін, соның ішінде Ауғанстанның шалғай өңірлерінде арттыру үшін қазақстандық технологиялық шешімдерді пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Тараптар Ауғанстанның медициналық мекемелерінің қажеттіліктерін одан әрі зерделеуге және қазақстандық өндірушілер мен бейінді ұйымдардың қатысуымен нақты жобаларды пысықтауға қызығушылық танытты.

Атап айтқанда, мобильді және далалық госпитальдар құруға арналған Barracuda QalQan технологияларын ұсынатын қазақстандық EvrazEx LLP компаниясының мүмкіндіктері қарастырылды. Ұсынылған кешендер медициналық инфрақұрылымды жедел орналастыруға, шұғыл көмек көрсетуге, хирургиялық операциялар жасауға және қарқынды терапия жүргізуге, соның ішінде төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар кезінде пайдалануға арналған. Шешімдер автономды электрмен жабдықтауды, жылыту, ауаны баптау, сумен жабдықтау жүйелерін және санитариялық қамтамасыз етуді көздейді. Модульдік инфрақұрылымды жеткізіп, кейін оны Ауғанстан тарапының қажеттіліктеріне сәйкес медициналық жабдықтармен жарақтандыру мүмкіндігі қарастырылған.

Форум барысында медициналық туризмді дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінді. Ауғанстан тарапы пациенттерді Қазақстанға мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін, ең алдымен онкология, онкогематология, кардиохирургия, нейрохирургия, көз микрохирургиясы, медициналық оңалту бағыттары бойынша, сондай-ақ күрделі хирургиялық операциялар мен басқа да жоғары технологиялық медициналық араласулар жасау үшін жіберуге қызығушылық білдірді.

Сапар аясында Qazaq Med Travel жобасына қатысатын Алматы қаласының № 3 қалалық емханасының және оның серіктесі — Aq Zhol Tour туристік компаниясының өкілдерімен келіссөздер ұйымдастырылды.

Тараптар ауғанстандық пациенттерді Қазақстанның медициналық мекемелеріне жіберудің практикалық тетігін құру мүмкіндіктерін, оның ішінде емдеуді ұйымдастыру, пациенттерді сүйемелдеу, медициналық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау және қолжетімді медициналық қызметтер пакеттерін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Тәжірибе алмасу және медициналық персоналды оқыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Форум барысында ауғанстандық компаниялар қазақстандық Zhuldyz Kenan компаниясымен және «BO-NA» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты.

Қол қойылған меморандумдармен қатар, қазақстандық «НПО «Казфармаком» ЖШС мен Қазақстан–Ауғанстан инновациялық технологиялар алмасу орталығы (KAITEC) арасында Ауғанстанға ветеринариялық препараттарды, вакциналарды және мамандандырылған жабдықтарды жеткізуді көздейтін дистрибьюторлық келісімшарт жасалғанын атап өткен жөн. Келісімшарт бойынша жеткізілім көлемі айына 1,05 млн АҚШ долларын немесе жылына 12,6 млн АҚШ долларын құрайды.

Өткен кездесулердің қорытындысы бойынша қазақстандық фармацевтикалық өнімдерді жеткізуді кеңейтуді, медициналық мекемелер арасындағы әріптестікті дамытуды, заманауи медициналық технологияларды енгізуді және медициналық туризм саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды көздейтін ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары айқындалды.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қазақстанның Ауғанстандағы Сауда үйі қол жеткізілген уағдаластықтарды сүйемелдеу, екі елдің кәсіпорындары арасында тікелей байланыстар орнату және нақты коммерциялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу жұмыстарын жалғастырады.

 

view 143
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.