Асан Жәкішев Бакудегі Turan E-Trade and E-Export Forum-да сөз сөйледі
Бүгін, 2024 жылғы 26 қарашада, Бакуде Turan E-Trade and E-Export Forum халықаралық форумы өтті. Форумға түркі мемлекеттерінің және әлемнің басқа өңірлерінің бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдары қатысты. Қазақстан Cыртқы сауда палатасының басшысы Асан Жәкішев Қазақстанның электрондық сауда саласындағы жетістіктерін атап өтіп, өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты.
Оның айтуынша, ұлттық стратегия аясында Қазақстан электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл амбициялық мақсатқа отандық онлайн-ритейлерлерді қолдау, курьерлік қызметтерді дамыту және көлік пен логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру арқылы қол жеткізіледі. Үкімет 2027 жылға дейінгі электрондық сауданы дамыту жөніндегі Кешенді жоспарды бекітті, оның негізгі мақсаты – логистика мен қойма қуатын жақсарту.
«Электрондық коммерция жаһандық сауданы өзгертуде, және Қазақстан осы процесте маңызды ойыншы ретінде өзін танытуда. Цифрлық ландшафт дамыған сайын біз электрондық сауда платформаларын жетілдіруге, логистикалық тізбектерді оңтайландыруға және трансшекаралық сауданы дамытуға тырысамыз. Осы форум аясында біз электрондық сауда, экспорт және цифрлық сауда саласында ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттегіміз келеді. Қатысушыларды Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан электрондық коммерция секторын және оның халықаралық серіктестіктер үшін әлеуетін пайдалануға шақырамыз», – деп қосты Жәкішев.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Сыртқы сауда палатасы бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын ретінде халықаралық аренадағы позициясын нығайтып жатқанын атап өтті. 2023 жылы палата 100-ден астам іскерлік іс-шара ұйымдастырды, оларға Қазақстан мен шет елдерден 3 500-ден астам кәсіпкер қатысты. Нәтижесінде $2,2 млрд көлеміндегі экспорт-импорт шарттары мен инвестициялық келісімдерге қол қойылды.
«Біздің өкілдеріміз Түркия, Қытай, Германия және Ауғанстанда ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін жасау үшін белсенді жұмыс істеуде. Біз логистиканың тиімділігін арттыру, онлайн-ритейлді дамыту және трансшекаралық сауданы жеңілдету арқылы Орталық Азияда электрондық сауда саласының көшбасшысына айналуға ұмтыламыз», – деді ол.
Айта кететін жайт, Turan E-Trade and E-Export Forum 500-ден астам компанияны, сондай-ақ елшіліктер мен мемлекеттік органдардың өкілдерін біріктірді. Іс-шара аясында B2B кездесулер өтті, онда қатысушылар іскерлік байланыс орнатып, ынтымақтастық перспективаларын талқылады.