bg
bg
Басты бет Жаңалықтар ҚССП Қазақстан-Украина...

ҚССП Қазақстан-Украина бизнес-форумына қатысты

img

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы 2026 жылғы 1 сәуірде Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өткен Қазақстан-Украина бизнес-форумына қатысты. Іс-шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.

Форум Қазақстан мен Украинаның мемлекеттік органдары, дипломатиялық миссиялары, іскерлік қауымдастықтары мен салалық компанияларының өкілдерін біріктірді. Форумның ресми ашылуына Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Мищенко, Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Майко, Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Төлежан Барлыбаев, сондай-ақ бейінді мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан құттықтау сөз сөйлеген – ҚCСП Басқарма мүшесі – Аппарат басшысы Бауыржан Жақсылықов.

Өз сөзінде Бауыржан Жақсылықов Қазақстан мен Украинаның диалогтан бірлескен жобаларды практикалық іске асыруға көшуіне мүмкіндік беретін негізгі бағыттарды атап өтті.

Басым бағыттардың бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешен аталды. Қазақстанның елеулі жер ресурстары мен өсіп келе жатқан экспорттық әлеуеті бар, ал Украина ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуде жоғары құзыретке ие. Осыған байланысты өнімді өңдеу, сақтау, агротехнологияларды енгізу, сондай-ақ сыртқы нарықтарға экспорттау салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту перспективалы болып табылады.

Өнеркәсіптік кооперацияда да айтарлықтай әлеует бар екені атап өтілді. Машина жасау, металл өңдеу және шикізатты қайта өңдеу салаларында Орталық Азия, Кавказ және Қытай нарықтарына бағдарланған бірлескен өндірістік тізбектер құру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл тәсіл өндірістік қуаттарды кеңейтіп қана қоймай, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мұнай өңдеу саласына да ерекше назар аударылды. Қазақстанда жеңіл мұнай өнімдерін шығаруға бағытталған шағын қуатты мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жоспарлары жүзеге асырылуда. Бұл жобалар украиналық тараптың қатысуымен бірлескен пысықтау мен серіктестер тартуға негіз бола алады.

Фармацевтика және медициналық өнімдер өндірісі де перспективалы бағыттардың бірі болып табылады. Өндірісті жергіліктендіру мен дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сұраныстың артуы жағдайында бұл саладағы ынтымақтастық экономикалық нәтиже бере алады.

Ынтымақтастықты дамытуда IT және цифрлық шешімдер секторы маңызды рөл атқарады. Украиналық және қазақстандық технологияларды өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларына интеграциялау мүмкіндіктері қарастырылуда, бұл бизнес-процестердің тиімділігін арттырып, цифрлық трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік береді.

Өз сөзінде Бауыржан Жақсылықов тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті:

«Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы бизнеске практикалық қолдау көрсетуге бағытталған – серіктестер іздеуден бастап B2B-кездесулер ұйымдастыруға, келісімшарттарды сүйемелдеуге және бірлескен жобаларды іске асыруға дейін. Бүгінде тек перспективалы салаларды айқындау ғана емес, бастамаларды нақты келісімшарттар мен инвестицияларға жеткізетін тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін құру маңызды», – деді ол.

Осыған байланысты компаниялардың экспорттық және кооперациялық әлеуетін нақты түсіне отырып, салалық пулдар қалыптастыру, нақты жобаларға бағытталған B2B-келіссөздер жүргізу, алдын ала дайындалған серіктестермен бизнес-миссиялар ұйымдастыру, сондай-ақ мәмілелерді алғашқы байланыстан бастап іске асыру кезеңіне дейін толық сүйемелдеу ұсынылды.

Форум аясында инвестициялық және өндірістік жобалардың тұсаукесерлері, сондай-ақ екі ел бизнес өкілдері арасында B2B-келіссөздер өтті. Бұл қатысушыларға ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылап, перспективалы бастамаларды айқындауға мүмкіндік берді.

view 311
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.