Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы неміс бизнесінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді
2026 жылғы 2 сәуірде Астана қаласында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Неміс-Еуразиялық экономикалық одақпен бірлесіп, неміс бизнес өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты диалог алаңына айналды.
Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Неміс-Еуразиялық экономикалық одақтың директоры Ханно Штёкер, сондай-ақ Drache Umwelttechnik GmbH, Herrenknecht AG / Herrenknecht Tunnelservice, Kalenborn Kalprotect GmbH & Co. KG, Fortis West LLP, DKF Deutsche Kugellagerfabriken GmbH, Dirostahl Karl Diederichs GmbH & Co. KG, KRD Sicherheitstechnik GmbH, VEM motors GmbH, Invest-Project & Trade e.K., Amandus Kahl GmbH & Co. KG, Atlantis Zollspedition GmbH компанияларының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан Мұрат Қарымсақов Германияның Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы негізгі әріптестердің бірі екенін атап өтіп, қолда бар әлеует толық пайдаланылмай отырғанын жеткізді. Осыған байланысты бүгінгі таңда басты басымдық – талқылаудан нақты бірлескен жобаларды іске асыру кезеңіне көшу екені айтылды.
«Біз бұл кездесуді Қазақстан мен Германияның бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей әрі нәтижеге бағытталған өзара іс-қимылды қалыптастыруға арналған практикалық алаң ретінде қарастырамыз. Негізгі міндетіміз – алғашқы байланыстан нақты жобаны іске асыруға дейінгі жолды барынша қысқарту», – деп атап өтті ҚССП-ның басшысы.

Кездесу барысында екіжақты сауданың оң динамикасы іскерлік қауымдастықтың ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары қызығушылығын көрсететіні айтылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд АҚШ долларын құрап, 9,5%-ға артты. Қазақстанның экспорты 1,2 млрд АҚШ долларына жетіп, оның негізгі бөлігін мұнай, ферроқорытпалар, кабель өнімдері және ауыл шаруашылығы шикізаты құрады. Германиядан импорт көлемі 3,1 млрд АҚШ долларын құрап, 10,3%-ға өсті. Негізгі импорт тауарлары қатарында дәрілік заттар, өнеркәсіптік жабдықтар, электр генераторлық қондырғылар, автомобильдер, ауыл шаруашылығы техникасы және машина жасау өнімдері бар.
Сөз барысында Қазақстанның қолайлы іскерлік орта, тиімді географиялық орналасу және инвестициялар тарту мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат ұсынатыны атап өтілді. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еншілес ұйымы ретінде кәсіпорындар, салалық қауымдастықтар мен өңірлік палаталардың кең желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етіп, қазақстандық бизнеспен өзара іс-қимыл жасаудың «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.
Іс-шара барысында ынтымақтастықтың басым бағыттарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өндірістерді оқшаулау арқылы Орталық Азия, Кавказ және Қытай нарықтарына шығу мүмкіндіктерін кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен кәсіпорындар құру, Қазақстанның Орта дәліз аясындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлінің артуын ескере отырып, тұрақты логистикалық бағыттарды қалыптастыру, сондай-ақ «жасыл» экономика саласындағы технологияларды енгізу, оның ішінде энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық шешімдерді дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және заманауи технологияларды қолдана отырып, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту агроөнеркәсіптік кешендегі перспективалы бағыт ретінде белгіленді.
Дөңгелек үстел барысында неміс компаниялары өз қызметін таныстырып, жүзеге асырып жатқан жобалары мен даму жоспарлары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ қазақстандық серіктестермен ықпалдастықтың ықтимал бағыттары, соның ішінде әріптестікті дамыту, дистрибьюторлық желілерді қалыптастыру және Қазақстан нарығындағы қатысуды кеңейту мәселелері қарастырылды.
Іс-шара аясында Kazakh Nickel Ltd. мен Неміс-Еуразиялық экономикалық одақ арасында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және бірлескен жобаларды іске қосуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Кездесу қорытындысы тараптардың іскерлік байланыстарды тереңдетуге және нақты нәтижелерге бағытталған тиімді ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруға деген өзара мүддесін растады.