bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстанның Сыртқы сауда...

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Мароккода сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар келіссөздер өткізді

img

20-23 шілде аралығында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Марокко Корольдігіне жұмыс сапарымен барып, Касабланка, Рабат және Марракеш қалаларындағы ауқымды іскерлік бағдарламаға қатысты. Сапар аясында Марокконың мемлекеттік органдарының басшылығымен, жетекші компанияларымен және іскерлік қауымдастықтарымен келіссөздер өткізіліп, Қазақстан мен Марокко арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сапардың алғашқы күні Мұрат Қарымсақов «Freedom Telecom International» компаниясының бас директоры Йоханесс Хаммермен, «e&» компаниясының басқарушы директоры Халифа Әл-Шамсимен және «e& International» компаниясының бас директоры Халид Хегазимен кездесті. Келіссөздер барысында цифрлық инфрақұрылым, телекоммуникация және халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын перспективалы жобалар бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Сапардың негізгі бағдарламасы 21 шілдеде Рабат пен Касабланка қалаларында өтті. Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамында Мұрат Қарымсақов Марокко Корольдігінің мемлекеттік органдарының басшыларымен, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрі Ахмед Әл-Буаримен, Өнеркәсіп және сауда министрі Рияд Меззурмен, сондай-ақ Үкімет басшысы жанындағы Инвестициялар, конвергенция және мемлекеттік саясатты бағалау мәселелері жөніндегі министр-делегат Карим Зиданмен бірқатар кездесулерге қатысты. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, инвестициялар тарту, өзара сауда көлемін ұлғайту және екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Бағдарламадағы маңызды іс-шаралардың бірі Қазақстан – Марокко Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы болды. Отырыстың ашылуында Марокко тарапының басшылығы, Қазақстанның ресми делегациясы және Қазақстан – Марокко Іскерлік кеңесінің тең төрағалары құттықтау сөз сөйледі. Мұрат Қарымсақов қатысушылар алдында сөз сөйлеп, екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы әріптестікті дамыту әлеуетінің жоғары екенін және кәсіпкерлердің тікелей өзара іс-қимылы үшін тұрақты алаң құрудың маңыздылығын атап өтті. Отырыс аясында қазақстандық және марокколық компаниялардың таныстырылымдары өткізіліп, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша пікір алмасу және жаңа бірлескен жобаларды талқылау ұйымдастырылды.

Іскерлік кеңес отырысы аясында бизнес өкілдерінің тікелей байланыс орнатып, ынтымақтастық перспективаларын талқылауына мүмкіндік берген B2B форматындағы кездесулер өтті. Сонымен қатар, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП және «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ өкілдері Марокконың химия және парахимия өнеркәсібі федерациясының мүшелерімен химия саласындағы өзара іс-қимыл және бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыру мүмкіндіктеріне арналған жеке келіссөздер жүргізді.

22 шілдеде іскерлік бағдарлама фосфат шикізатын өндіру және өңдеу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – OCP Group штаб-пәтеріндегі кездесумен жалғасты. Мұрат Қарымсақов OCP Nutricrops компаниясының бас директоры Фарис Дерриджмен келіссөздерге қатысып, тыңайтқыштар өндірісі, агрохимия, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Марокконың агроөнеркәсіптік кешен компаниялары арасындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Сол күні Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшысы Марракеш қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылу салтанатына қатысты. Жаңа консулдық мекеменің ашылуы Қазақстан мен Марокко арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, гуманитарлық және іскерлік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі ел өңірлері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді.

Сапардың соңғы күні Марракеш – Сафи өңірінің өнеркәсіптік әлеуетімен танысуға арналды. Мұрат Қарымсақов косметикалық өнімдер шығаратын Botanika Marrakech кәсіпорнында болып, өндірістік үдерістермен және компанияның экспорттық мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ Марракеш – Сафи өңірінің Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және Марракеш қаласының әкімшілігімен кездесу өтіп, онда тараптар өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, іскерлік байланыстарды дамыту және Қазақстан мен Марокко кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнату перспективаларын талқылады.

Жұмыс сапары Қазақстан мен Марокконың сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға, іскерлік қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және өнеркәсіптік әрі инвестициялық кооперацияның жаңа бағыттарын дамытуға өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады.

view 32
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.