bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Жаңа жобалар, инвестициялар...

Жаңа жобалар, инвестициялар және өнеркәсіптік коопреация. Ташкентте Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы өтті

img
5 Тамыз 2026

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Өзбекстан Республикасына жасаған үш күндік жұмыс сапарының екінші күні Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, өндірістік кооперацияны нығайтуға және экономикалық өсудің жаңа бағыттарын айқындауға арналды.

Сапардың екінші күніндегі басты оқиғасы – Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы. Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығының, салалық қауымдастықтардың, даму институттарының және кәсіпкерлерінің өкілдерін бір алаңға жинады.

Форумға қатысушыларға «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Даврон Вахабов және Өзбекстанның салалық бірлестіктерінің басшылары құттықтау сөз сөйледі.

Форум барысында Қанат Шарлапаев мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтардың және даму институттарының өкілдеріне Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын таныстырып, бүгінде өңірлік экономикалық интеграцияның басты қозғаушы күштерінің бірі кәсіпкерлік қауымдастық екенін атап өтті.

Оның айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа инвестициялық жобалар, бірлескен өндірістер, сауда байланыстарын кеңейту және бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыру арқылы нақты мазмұнмен толығуына жүйелі түрде ықпал етіп келеді.

Қанат Шарлапаев Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге барлық алғышарттарға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өзара іс-қимылдың келесі кезеңі бірлескен инвестицияларға, заманауи өндірістік тізбектерді қалыптастыруға және жоғары технологиялық салаларды дамытуға негізделуі тиіс.

Бұл үрдісті экономикалық көрсеткіштер де растайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16,2%-ға өсіп, 4,8 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан экспорты 24,6%-ға артып, 3,52 млрд АҚШ долларын құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында өзара сауда көлемі 2,3 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ға ұлғайды. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасының 55%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бұл екі ел экономикасының өзара толықтырушы сипатын және ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы ынтымақтастықтың келесі кезеңінде өндірістік кооперацияны кеңейтуге басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің кәсіпорындары өзара сауданы дамытумен қатар, жоғары қосылған құны бар өнімдерді бірлесіп өндіруге бағытталуы қажет.

Осыған байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлескен жұмысты үш негізгі бағытқа шоғырландыруды ұсынды.

Бірінші бағыт – кәсіпорындардың шикізат ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз етудің ашық тетіктерін қалыптастыру және металлургия, химия өнеркәсібі, полимерлерді өңдеу, сондай-ақ тұйық циклді экономика жобалары бойынша ынтымақтастықты кеңейту.

Екінші бағыт – көлік-логистикалық инфрақұрылым мен сыртқы сауда рәсімдерін цифрландыру. Басым міндеттердің қатарында цифрлық «бір терезе» жүйесін жедел енгізу, теміржол логистикасын жетілдіру, кедендік және фитосанитариялық бақылауды оңтайландыру, сондай-ақ трансшекаралық сауда үшін қолайлы жағдай жасау бар.

Үшінші бағыт – өзара инвестицияларды ұлғайту, бірлескен өндірістерді іске қосу және энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібі сияқты басым салаларда өндірісті оқшаулау (локализация) жобаларын қолдау.

Форумның практикалық нәтижелерінің бірі – ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі. Өзбекстанның Glasfit Energy компаниясы мен «Қазақстандық арматуралық-оқшаулағыш зауыты» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. Құжат жоғары вольтты электр жеткізу желілеріне арналған өнімдерді жеткізу саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және қазақстандық өнімнің Өзбекстан нарығына жеткізілім көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Іскерлік бағдарламаның екінші күні аясында қазақстандық делегация Өзбекстанның жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарын – Zelal Textile тоқыма компаниясын, ARCA Mebel жиһаз орталығын, TEXNOPARK өнеркәсіп кешенін және CRAFERS кондитерлік фабрикасын аралады. Кездесулер барысында тараптар кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысып, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, технологиялар алмасу және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Форум Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері арасындағы B2B форматындағы кездесулермен аяқталды. Келіссөздер жаңа серіктестер табуға, бірлескен жобаларды талқылауға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді алаң болды.

Форум қорытындысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Палата, Өзбекстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы және екі елдің уәкілетті мемлекеттік органдарының қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық жұмыс тобын құруды ұсынды. Сонымен қатар тарифтік, шикізаттық және кедендік тетіктерді үйлестіру жөніндегі бірлескен жол картасын әзірлеу, сондай-ақ екі ел арасындағы тауар қозғалысының кедергісіз жүзеге асуын қамтамасыз ететін цифрлық сервистерді жедел енгізу ұсынылды.

Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, стратегиялық әріптестікті жаңа инвестициялық жобалар, бірлескен өндірістер, ұзақ мерзімді келісімшарттар және орнықты өндірістік кооперация арқылы нақты нәтижелерге ұластыруға дайын екенін көрсетті.

view 68
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.