Алматыда Вьетнамның Ұлттық кәсіпкерлік қауымдастығының (VINEN) өкілдерімен кездесу өтті
2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігі мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен «Атамекен» ҚР ҰКП-ның Алматы қаласындағы Өңірлік кеңсесінде Қазақстан мен Вьетнамның Ұлттық кәсіпкерлік қауымдастығының (VINEN) іскер топтарының өкілдері арасында кездесу өтті.
Вьетнам делегациясын «VINEN» вице-төрағасы, Ханой сауда және туризм колледжінің (HCCT) ректоры доктор Чин Тхи Тху Ха бастап келді. Делегация құрамында сондай-ақ HCCT Ғылыми сараптама және сапаны бақылау департаментінің басшысы До Тхи Ким Оань, «Flamingo Travels» компаниясының бас директоры Нгуен Тхи Ван Ан, Ханой телевидениесінің өкілі Чань Тхи Фун Лин және «VINEN» халықаралық байланыстар департаментінің менеджері Лиу Тан Хию болды.

Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әміров екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Вьетнам Социалистік Республикасы АСЕАН-ға мүше мемлекеттер арасында жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны бойынша көшбасшы болып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 8,18%-ды құрады. Ел Үкіметі ағымдағы жылы экономикалық өсімді кемінде 10%-ға жеткізуді және осы қарқынды 2030 жылға дейін сақтауды мақсат етіп қойған.
Анықтама үшін: ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сыртқы сауда айналымы шамамен 805,7 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 120,2 млн АҚШ доллары, импорт – 685,5 млн АҚШ доллары.
Вьетнам мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы қолданыстағы еркін сауда туралы келісім сауда кедергілерін азайтуға және логистикалық байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Қазіргі жағдайда Қазақстан бірлескен өндірістерді жолға қою және тауарларды дистрибуциялау үшін Орталық Азия өңіріндегі «B2B Bridge» ретінде орнығуға елеулі әлеуетке ие.
Өз кезегінде, «VINEN» вице-төрағасы доктор Чин Тхи Тху Ха табысты тәжірибе алмасу мен нарықты зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, вьетнамдық тарап үшін Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту, индустриялық аймақтарды, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту хабтарын құру, сондай-ақ экономиканы цифрландыру саласындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар ол қазақстандық құрылыс компанияларын Вьетнамдағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға шақырды.
«Flamingo Travels» компаниясының бас директоры Нгуен Тхи Ван Ан 2026 жылы Вьетнамның жалпы саны шамамен 25 миллион шетелдік турист қабылдауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық туристік компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту аса перспективалы бағыт ретінде қарастырылатынын жеткізді.
HCCT Ғылыми сараптама және сапаны бақылау департаментінің басшысы До Тхи Ким Оань Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерімен дуальды білім беру саласында тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
Кездесу барысында «Almaty Invest» басқарма төрағасының орынбасары Исатай Адресов қонақтарды Алматы қаласының негізгі экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып, әлеуетті инвестициялық жобаларды ұсынып, Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды. Сонымен қатар, Вьетнамның туристік инфрақұрылымды дамытудағы табысты тәжірибесін ескере отырып, еліміздегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі – «Sun Group» өкілдерінің Алматыға сапарын ұйымдастырып, «оңтүстік астанада» «Ba Na Hills» үлгісіндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін бірлесіп талқылауды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғарыда аталған бағыттар бойынша табысты тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, білім беру, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау салаларында және екі елдің іскер топтары арасында тұрақты B2B іс-шараларын өткізу бағытында одан әрі өзара іс-қимылды және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтауға келісті.
