bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Астанада түркі...

Астанада түркі бизнес-қоғамдастығы ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттары талқыланды

img

Астанада Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы аясында Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының (TCCI) басшыларының кезектен тыс отырысы өтті.

Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы, TCCI Төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Түркия Республикасының Сауда вице-министрі Махмут Гюржан, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әмреев, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Бас хатшысының орынбасары Мерей Мұқажан, TCCI Бас хатшысы Адем Кула, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және түркі әлемі елдерінің іскерлік бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Іс-шараны Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов жүргізді.

Кездесуді аша отырып, Қанат Шарлапаев әлемдік экономикадағы өзгерістер, логистикалық тізбектердің қайта құрылуы және макроэкономикалық сын-қатерлер түркі мемлекеттерінің кәсіпкерлік қоғамдастығынан белсенді әрі үйлестірілген ұстанымды талап ететінін атап өтті.

«Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалогты нақты коммерциялық келісімшарттарға, инвестицияларға және жаңа жұмыс орындарына айналдыратын тиімді институционалдық тетік ретінде жұмыс істеуі қажет. Ол үшін елдеріміздің кәсіпкерлеріне нақты пайда әкелетін практикалық бастамаларға басымдық беру маңызды», – деп атап өтті Палата басшысы.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Сауда вице-министрі Махмут Гюржан сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда және кәсіпкерлерді қолдауда ұлттық палаталардың маңызы зор екенін атап өтті.

«Сауда-өнеркәсіп палаталары өңірлердегі бизнестің мәселелерін терең түсінетін ұйымдар ретінде кәсіпкерлер тап болатын кедендік рәсімдер, логистика және қаржыландыруға қол жеткізу сияқты практикалық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде өнеркәсіптік кооперация айқындалды. Қатысушылар машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, автокомпоненттер және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін шығару салаларында бірлескен кәсіпорындар құру перспективаларын қарастырды. Мұндай жобаларды іске асыру жоғары қосылған құны бар тұрақты технологиялық тізбектер қалыптастырып, өзара тауар жеткізілімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қанат Шарлапаев өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистика саласының дамуы өзара тікелей байланысты екенін атап өтті. Өндірістерді оқшаулау, шикізат, жинақтауыштар мен дайын өнім жеткізілімдерін ұлғайту халықаралық көлік бағыттары, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Орта дәліз үшін тұрақты жүк базасын қалыптастырады.

Күн тәртібіне сәйкес TCCI Бас хатшысы Адем Кула 2026 жылғы 13 мамырда өткен Одақтың жабық отырысында қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы баяндады. TCCI Іс-қимыл жоспарының іске асырылуы, институционалдық даму жөніндегі тапсырмалардың орындалуы, салалық комитеттердің жұмысы және Бас ассамблея шешімдерінің жүзеге асырылу барысы қаралды. Сонымен қатар TCCI-дің алдағы ТМҰ Мемлекет басшылары саммитіне ұсыныстарын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.

TCCI-ді одан әрі институционалдық тұрғыдан нығайту мәселесі де жеке қаралды. «Атамекен» ҰКП бастамасымен Одақ аясында сауда, инвестициялар және кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы әзірленді. Құжат TCCI-дің түркі бизнес-қоғамдастығының негізгі институционалдық органы ретіндегі мәртебесін бекітіп, мемлекеттер арасындағы коммерциялық өзара іс-қимыл үшін ашық әрі түсінікті жағдай қалыптастыруға бағытталған.

2025 жылғы 12 қарашада Ташкентте қол қойылған TCCI Стратегиялық меморандумын іске асыруға да ерекше назар аударылды. Karavan.net компаниясының тең құрылтайшысы Ислам Шахбендер Одақтың бірыңғай электрондық сауда және экспорттық платформасын құру жөніндегі бірлескен жол картасын таныстырды. Цифрлық құралдарды қолдану және B2B форматындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру мүмкіндіктері түркі мемлекеттерінің бірыңғай цифрлық бизнес-платформасы – SARBAN.BIZ мысалында қарастырылды. Жобаны Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Сыртқы сауда палатасының өкілі Амир Урисов таныстырды.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған бастамаларды іске асыру, ұлттық палаталар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және түркі мемлекеттері кеңістігінде кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер TCCI-ді одан әрі институционалдық тұрғыдан нығайтуға, өнеркәсіптік және инвестициялық кооперацияны кеңейтуге, көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға және бизнес үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

view 21
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.