bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Индонезия...

Қазақстан мен Индонезия сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

img

2026 жылғы 3 қыркүйекте Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақовтың Индонезия Республикасының Елшілігі және Индонезияның Сауда-өнеркәсіп палатасы — KADIN делегациясымен кездесуі өтті.

Іс-шараға Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Мохамад Фаджрул Рахман және KADIN-нің экспорттық бәсекеге қабілеттілік мәселелері жөніндегі вице-төрағасы Пүти Ретно Әли қатысты.

Кездесу Индонезия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беруге бағытталды. Бұл ретте екіжақты сауданы нығайтуға, экспортты ілгерілетуге және нарықтарға қол жеткізуге, кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін анықтауға, сондай-ақ индонезиялық және қазақстандық компаниялар арасындағы әлеуетті серіктестіктерді зерделеуге ерекше назар аударылды.

Тараптар екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы орнағанын атап өтіп, байланыстың бұрыннан келе жатқан достық сипатына тоқталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 244,6 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан экспортының негізін ферроқорытпалар мен күкірт құраса, Индонезиядан электроника, арнайы техника, аяқкиім және пальма майы импортталады.

Кездесуге қатысушылар өзара сауда көлемін ұлғайту, экспорттық-импорттық жеткізілімдерді әртараптандыру және екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту перспективаларын қарастырды. Сауданың дамуын тежейтін факторлар ретінде географиялық қашықтық пен көлік-логистикалық шығындардың жоғарылығы мәселелеріне жеке назар аударылды. Сонымен қатар тараптар қолданыстағы кедергілерді еңсерудің тиімді жолдарын бірлесіп іздеуге дайын екендерін білдірді.

Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі «Атамекен» ҚР ҰКП мен KADIN арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін талқылау болды. Құжат бірлескен бизнес-миссияларды ұйымдастыруға, коммерциялық ақпарат алмасуға, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатуға және перспективалы серіктестер іздеуге практикалық негіз болады деп күтілуде. Сондай-ақ тараптар екі елдің кәсіпкерлері арасындағы тікелей өзара іс-қимылды нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға арналған алаң ретінде «Қазақстан – Индонезия» Іскерлік кеңесін құру мүмкіндігін талқылады.

Мұрат Қарымсақов индонезиялық делегацияға бүкіл ел бойынша екі миллионнан астам бизнес субъектісін біріктіретін Ұлттық палатаның қызметі туралы ақпарат берді. Палата жүйесіне 20 өңірлік палата және 180-нен астам бизнесті қолдау орталығының желісі кіреді. Бұл инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге және қазақстандық әрі шетелдік компанияларға практикалық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҚР ҰКП-ның еншілес ұйымы болып табылатын Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға және экспортты қолдауға ықпал етеді. Палата шетелдік серіктестер мен инвесторларға сенімді контрагенттер табуға көмектеседі, сауда миссиялары мен делегацияларды ұйымдастырады, Қазақстанға сапарларды сүйемелдейді, тікелей келіссөздер өткізуге арналған алаңдар құрады, сондай-ақ салық, кеден және құқық мәселелері бойынша консультациялық қолдау көрсетіп, өкілдіктер мен филиалдар ашуға көмектеседі.

 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, бірлескен бастамаларды ілгерілетуге және Қазақстан мен Индонезия компаниялары арасындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға өзара мүдделі екендерін растады.

view 31
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.