ҚССП Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасынан алғыс хат алды
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасынан Астанада 26 ақпанда өткен Қазақстан-Сербия іскерлік кеңесінің кеңейтілген отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ресми алғыс хат алды. Хат Палата Басқарма төрағасы Мұрат Карымсақовтың атына жолданды.

Хатта Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Марко Чадеж Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы командасының жоғары кәсібилігін, іс-шараны дайындау барысындағы тиімді үйлестіруді және серб делегациясына көрсетілген жылы әрі достық қабылдауды ерекше атап өтті. Ұқыпты ұйымдастырудың арқасында кездесу нәтижелі өтіп, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы іскерлік диалогты дамытуға маңызды алаң болғаны айтылды.
Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Дана Касымоваға және оның командасына сапарды дайындау мен өткізу барысында көрсеткен қолдауы, ынтымақтастығы мен түсіністігі үшін ерекше алғыс білдірілді. Серб тарапы бұл кездесудің Қазақстан мен Сербия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ұзақ мерзімді оң әсер ететініне сенім білдіріп, серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында қазақстандық тарапты Белград қаласына келуге шақырды.