bg
bg
Басты бет Жаңалықтар ҚССП мен Қытай делегациясы...

ҚССП мен Қытай делегациясы бизнесті қолдау және іскерлік диалогты дамыту мәселелерін талқылады

img

2026 жылғы 27 қазанда Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Коммерциялық қызмет департаментінің директоры Алишер Даркембаевтың Қытай делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар кәсіпкерлерді қолдау, бейінді ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту және қытайлық компаниялардың Қазақстандағы қызметіне қатысты мәселелерді талқылады.

Қытай делегациясының құрамына Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің Жеке сектор істері жөніндегі басқармасы директорының орынбасары Лю Минь, аталған басқарманың Саясат және жоспарлау бөлімінің үшінші деңгейлі аға зерттеушісі Ли Хао және Қытайдың шетелдегі өнеркәсіп салаларын дамыту қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Ван Кэвэнь кірді.

Алишер Даркембаев «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҚССП қызметін егжей-тегжейлі таныстырып, кәсіпкерлерді қолдаудың және халықаралық іскерлік ынтымақтастыққа жәрдемдесудің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сондай-ақ ол қытайлық бизнеспен, Қытайдың Қазақстандағы Елшілігімен және ҚХР-дың бейінді ұйымдарымен, соның ішінде «Қытай — Орталық Азия» Іскерлік кеңесі аясында тығыз өзара іс-қимыл орнатылғанын атап өтті.

Лю Минь қытайлық компаниялардың Қазақстанда бизнесті дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, кәсіпкерлерді қолдау мен олардың мүдделерін қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Ол екі елдің ұйымдары арасында тұрақты диалог тетігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, сондай-ақ жеке секторды дамыту саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.

Алишер Даркембаев мұндай тетікті одан әрі талқылау туралы ұсынысты қолдап, оның форматы мен жұмыс бағыттарын бірлесіп пысықтау қажеттігін атап өтті.

Заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, қытайлық компаниялардың қазақстандық серіктестермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Лю Минь Қазақстан заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қытайлық бизнесте түсіндіруді қажет ететін сұрақтар туындайтынын жеткізді.

«Қытайлық компаниялар нақты мәселелерін көрсетіп, біздің мекенжайымызға ресми өтініштер жолдай алады. Біз оларды жеке тәртіппен қарауға дайынбыз», — деді Алишер Даркембаев.

Кездесу барысында тараптар бизнесті қолдау және Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.

view 25
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.