bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Берлинде Қазақстан мен...

Берлинде Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды

img

2026 жылғы 27 тамызда Берлинде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының 16-отырысы өтті. Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты.

Отырыс Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінде екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын ашық талқылау форматында өтті. Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігі Сыртқы сауда бөлімі басшысының орынбасары Герлинд Хекманн және Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков тең төрағалық етті.

Негізгі назар сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіптік және шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, денсаулық сақтау саласын жаңғырту, су шаруашылығы және энергетика салаларындағы өзара іс-қимыл, инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ қазақстандық және германдық компаниялардың нақты өтініштерін қарау мәселелеріне аударылды.

Инвестициялық ынтымақтастыққа арналған сессияда сөз сөйлеген Мұрат Қарымсақов бизнес-қоғамдастық тұрғысынан екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйіне баға берді. Ол Германия дәстүрлі түрде Қазақстанның Еуропалық одақтағы жетекші экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Германияның Орталық Азия елдерімен саудасының 80%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық экспорт 7,4%-ға өсіп, 1,2 млрд долларға жетті, ал Германиядан импорт 10,3%-ға артып, 3,1 млрд долларға дейін өсті. Қазақстан экспортының негізін шикі мұнай, ферроқорытпалар, фосфор және металлургия өнімдері құрайды. Германиядан Қазақстанға жоғары технологиялық жабдықтар, автокомпоненттер, фармацевтикалық өнімдер және ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіледі.

Инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуеті бұдан да зор. 2005 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін Германиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 8 млрд АҚШ долларын құрады. Елде германдық тараптың қатысуымен 1 412 кәсіпорын тіркелген, олардың 1 102-сі жұмыс істейді. Жалпы сомасы 4,46 млрд доллар болатын 64 бірлескен жобадан тұратын портфель қалыптастырылды: 39 жоба іске асырылды, 18 жоба іске асырылу сатысында, ал 7 жоба пысықталуда.

«Біздің ортақ міндетіміз — өңдеу өнеркәсібіндегі жобалардың үлесін арттырып, дайын жабдық жеткізуден өндірістерді жергіліктендіруге, бірлескен кәсіпорындар құруға, технологиялар мен технологиялық шешімдерді беруге көшу. Қазақстан германдық бизнеске ішкі нарықты ғана емес, Орталық Азия, ЕАЭО және Қытай нарықтарына шығу мүмкіндігін де ұсынады», — деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.

Машина жасау, теміржол жабдықтарын өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету, аса маңызды минералдарды терең өңдеу, қалдықтар мен литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеу, су тазарту, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары практикалық қызығушылық тудырады.

Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, Қазақстандағы инвесторларға даму институттарының құралдары, жобалық және экспорттық қаржыландыру қолжетімді. Германдық капиталы бар 41 компания тіркелген «Астана» халықаралық қаржы орталығы қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Бұл ретте бизнес үшін қолдау шаралары ғана емес, жобаны іске асырудың түсінікті тәртібі де маңызды: сенімді серіктес, жер учаскесі немесе өндірістік алаң, инфрақұрылым, қаржылық модель, мерзімдер және тараптардың бекітілген жауапкершілігі.

Қазақстандық бизнес жергіліктендіру деңгейі жоғары бірлескен кәсіпорындар құруға, технологиялар трансферіне, инженерлік және техникалық кадрлар даярлауға, сондай-ақ өнімді Еуропалық одақ стандарттарына сәйкес сертификаттауға жәрдем көрсетуге мүдделі.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, инвестициялық бастамаларды іске асыруға және Қазақстан мен Германияның іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.

view 64
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.