bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстанның Сыртқы сауда...

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің палаталары басшылары кеңесінің XXVI отырысына қатысты

img

2026 жылғы 2 қазанда Минскіде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің палаталары басшылары кеңесінің XXVI отырысы өтті. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атынан Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты. Іс-шара екінші «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында ұйымдастырылды.

Отырысқа Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаил Мятликов, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко, Қырғыз Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Темир Сариев, Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Сергей Катырин, Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Даврон Вахабов және бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конгрестік-көрмелік қызмет саласындағы палаталар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, технологиялар трансфері, өнеркәсіптік туризм мен қосалқы мердігерлік, тауарлардың шығу тегін растаудың электрондық жүйелерін қолдану, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықты қолдаудағы Мемлекетаралық банктің мүмкіндіктері негізгі талқылау тақырыптары болды.

Отырыста сөз сөйлеген Мұрат Қарымсақов халықаралық өндірістік және логистикалық тізбектердің қайта құрылуы жағдайында кәсіпкерлерді қолдау, сенімді серіктестерді іздеу және сыртқы экономикалық қызмет тәуекелдерін азайту ісінде палаталардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің ортақ міндетіміз — палаталар басшылары арасындағы сенімнің нақты келісімшарттарға, жұмыс орындарына және елдеріміздің тауар айналымының өсуіне ұласуын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.

ҚССП Басқарма төрағасы алдағы ынтымақтастықтың төрт басым бағытын ұсынды: өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, бизнеске арналған сервистерді цифрлық ықпалдастыру және өңіраралық B2B өзара іс-қимылды жандандыру. Өнеркәсіптік кооперация саласында қазақстандық тарап кәсіпорындардың өндірістік қажеттіліктері мен бос қуаттарының бірыңғай тізілімін қамтитын «Палаталар арасындағы өнеркәсіптік кооперация картасын» қалыптастыруды ұсынды. Бұл құрал құрамдас бөлшектерді өндіру және тапсырыстарды орналастыру үшін серіктестер табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ даму институттары мен Мемлекетаралық банктің қатысуымен қаржылық қолдау тетіктерін пысықтау үшін 10–15 басым кооперациялық жобаны айқындау ұсынылды.

ТМД елдерінің көлік байланыстарына ерекше назар аударылды. Мұрат Қарымсақов шекаралық өткізу пункттеріндегі шектеулерді жою, кедендік рәсімдерді оңтайландыру және «Солтүстік — Оңтүстік», «Шығыс — Батыс» бағыттары мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мультимодальды тасымалдарды дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстың қажеттігін атап өтті. Ұсыныстар қатарында шекара маңындағы инфрақұрылымды тұрақты түрде бірлесіп бағалау, автомобиль тасымалдарына берілетін рұқсаттарды электрондық алмасуға көшу және кооперациялық жеткізілімдер аясындағы жүктер үшін бүкіл маршрут бойынша қолданылатын жеңілдетілген теміржол тарифтерін пысықтау бар.

Цифрлық күн тәртібі аясында ҚССП электрондық сервистерді дамыту және палаталардың тізілімдерін синхрондау бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды. Атап айтқанда, қорғалған QR-кодтар мен электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалана отырып, ТМД елдері тауарларының шығу тегі туралы сертификаттарды тексерудің бірыңғай базасын құру бастамасы таныстырылды. Сондай-ақ сыртқы сауда құжаттарын ресімдеуді жеңілдету үшін электрондық қолтаңбаларды өзара тану мәселесін пысықтау ұсынылды.

Конгрестік-көрмелік қызмет саласында қазақстандық тарап ТМД іс-шараларының бірыңғай цифрлық күнтізбесін құруды және Достастық елдерінің кәсіпорындарына қатысудың жеңілдетілген шарттарын ұсынуды қолдады. Өңірлік өнеркәсіп орталықтарында салалық B2B-миссиялар өткізуге, кәсіпорындарға техникалық турлар ұйымдастыруға және тапсырыс берушілерді құрамдас бөлшектер өндірушілерімен байланыстыратын қосалқы мердігерліктің цифрлық платформасын дамытуға ерекше назар аударылды.

Мемлекетаралық банктің мүмкіндіктерін талқылау барысында ҚССП кооперациялық жеткізілімдерге қатысатын шағын және орта бизнеске арналған есеп айырысу-кепілдік қызмет көрсету және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын пысықтауды ұсынды. Мұндай тетіктер ұлттық валюталармен есеп айырысуға және келісімшарттық тәуекелдерді төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Мұрат Қарымсақов Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының ТМД елдерінің палаталарымен екіжақты өзара іс-қимыл тәжірибесін де таныстырды. Мысалдар қатарында Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің жұмысы, Өзбекстанмен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, Қырғызстанмен шекара маңындағы логистика мәселелері бойынша ынтымақтастық және Транскаспий бағыты аясында Әзербайжанмен өзара іс-қимыл бар.

Минскіде 1 қазанда өткен Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесі отырысының нәтижелері де атап өтілді. Оның бағдарламасы өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға, құрамдас бөлшектер шығаруды дамытуға және үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығуға арналды.

view 24
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.