Логистикадан цифрлық технологияларға дейін: Қазақстан мен Болгария серіктестікті дамытып келеді
2026 жылғы 20 қазанда Софияда Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Елшілігі, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Болгарияның Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған Қазақстан-Болгария Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шара сауда, инвестиция және технология салаларындағы ынтымақтастықты талқылау үшін екі елдің іскер топтарының өкілдерін біріктірді.
Ашылу рәсімінде Болгария Сауда-өнеркәсіп палатасының Төрағасы Цветан Симеонов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, ҚССП Басқарма Төрағасы, Іскерлік кеңестің қазақстандық бөлігінің төрағасы Мұрат Қарымсақов және Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Темірбаев сөз сөйледі.

Мұрат Қарымсақов өз сөзінде Іскерлік кеңестің алғашқы отырысы Қазақстан мен Болгария кәсіпкерлері арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашып, бірлескен жобаларды ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті.
«Біздің алаң ақпараттық және әкімшілік кедергілерді жоюға, тікелей байланыстарды жеңілдетуге және сауда қатынастарымызды шикізат алмасудан терең технологиялық және инвестициялық кооперацияға көшіруге бағытталған», — деп атап өтті ол.
Қазіргі таңда Қазақстанда болгар капиталының қатысуымен 104 кәсіпорын тіркелген, оның 64-і экономиканың түрлі секторларында белсенді жұмыс істейді.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық болды. Болгарияның Қара теңіздегі Бургас және Варна порттарын Орта дәлізбен ықпалдастыру перспективаларына ерекше назар аударылды. Каспий және Қара теңіз порттарының инфрақұрылымы арасындағы байланыстарды дамыту Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тасымалдар үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Перспективалы бағыттар қатарында агроөнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және цифрлық технологиялар да қарастырылды. ҚССП басшысы Болгарияның Lekkerbek компаниясы мен «Шымкентмай» бірлесіп, Шымкентте су-вид технологиясы бойынша дайын тағам өнімдерінің өндірісін құру жобасын пысықтап жатқанын айтты. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 20 млн АҚШ долларын құрайды.
Отырыстың салалық бөлігінде Ақтау портының, Bugin Holding Corp және «ҰАТ» АҚ-ның мүмкіндіктері таныстырылды. Болгария тарапы да іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға қатысты өз көзқарасын ұсынды.

Іс-шара аясында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Болгарияның Сауда-өнеркәсіп палатасы Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойды. Бағдарлама пікірталаспен және B2B-келіссөздермен жалғасып, кәсіпкерлерге тікелей байланыс орнатуға және бірлескен жұмыстың перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
ҚССП қазақстандық және болгариялық компаниялар арасындағы байланыстарды дамытуға, серіктестер іздеуге және бірлескен іскерлік бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесуді жалғастырады.