Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Қазақстан мен Украина компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді
22 қазанда Астанада «Атамекен» Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Агроөнеркәсіп саласы мен сабақтас салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары» тақырыбында Қазақстан–Украина дөңгелек үстелі өтті.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі — қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында жеке келіссөздер жүргізуге арналған B2B-кездесулер ұйымдастыру. Бұл — тікелей іскерлік байланыстар орнатудың, жаңа серіктестер табудың және экспорттық келісімшарттар жасасудың тиімді құралы. Украина делегациясымен кездесу бизнес ұсыныстарын, өндірістік және технологиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға арналған алаңға айналды.
Іс-шараға Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин, Украина сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Ростислав Коробка, Одесса өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Трифон Антов, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттарының, салалық қауымдастықтары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің модераторы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Коммерциялық қызмет департаменті директорының орынбасары Мадина Есдаулетова болды. Кездесуді аша отырып, ол практикалық тәжірибе алмасудың және кәсіпкерлер арасындағы тікелей диалогтің маңызын атап өтті.

«Бүгін біз жақынырақ танысу, тәжірибе алмасу және бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттарын талқылау үшін жиналдық. Украинаның ауыл шаруашылығы, селекция, агротехнологиялар және қайта өңдеу салаларында мол тәжірибесі бар. Сондықтан украиналық әріптестеріміздің нақты ұсыныстарымен жақынырақ танысу біз үшін, сөзсіз, қызықты», — деді Мадина Есдаулетова.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин құттықтау сөз сөйледі. Ол ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы, соның ішінде бірлескен өндірістер құру, жабдық өндірісін жергіліктендіру және сервистік орталықтарды дамыту бағыттарындағы өзара іс-қимыл перспективаларын атап өтті. Өзге бағыттар қатарында селекция және тұқым шаруашылығы, агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және логистика мәселелері қарастырылды.
«Өз тарапынан Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйесі аясында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, серіктестер іздеуге және перспективалы бастамаларды одан әрі ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын. Украина кәсіпорындарының жинақталған тәжірибесі мен қазақстандық бизнестің әлеуеті өзара тиімді ынтымақтастыққа жақсы негіз болатынына сенімдімін. Ең бастысы — бүгінгі кездесудің нәтижесі жаңа таныстықтармен шектелмей, екі ел кәсіпкерлері үшін практикалық маңызы бар нақты уағдаластықтар мен жобаларға ұласуы», — деп атап өтті Қанат Алин.
Панельдік пікірталасқа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Талғат Бәкенов, «Kazakh Invest» АҚ басқарушы директоры — елдік талдау және инвесторларды таргеттеу қызметінің басшысы Олжас Ахметбеков, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен департаментінің өкілі Самат Сейілов, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның бейінді аграрлық қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Украина делегациясының құрамында «Укрветпромпостач», «Лад и МирАгро» компаниялар тобы, «Всеукраинский научный институт селекции», TBF Holding, MNS Group, «Велес АгроЛТД» және «ВИВАгро Трейд» болды. Компания өкілдері өз қызметін және қазақстандық бизнеспен серіктестік жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Қатысушылар инвестициялық ынтымақтастық, аграрлық секторды техникалық жаңғырту және Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Қайта өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында кәсіпкерлер ұсыныстарды одан әрі талқылау және тікелей іскерлік байланыстар орнату үшін байланыс деректерімен алмасты. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы шетелдік серіктестер іздеуге және екі ел компаниялары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды дамытуға жәрдемдесуді жалғастырады.