Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Қазақстан–Британ Іскерлік кеңесінің V отырысына қатысты
2026 жылғы 8 қазанда Астанада Қазақстан мен Ұлыбританияның мемлекеттік органдары, іскер топтары және қаржы институттарының 100-ден астам өкілін біріктірген Қазақстан–Британ Іскерлік кеңесінің V отырысы өтті.
«Самұрық-Қазына» АҚ алаңында өткен іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты.
Қатысушыларға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Ұлыбританияның сауда мәселелері жөніндегі министрі Анас Сарвар, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаев және Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Салли Аксуорси құттықтау сөз сөйледі.

Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады. Аса маңызды минералдар, көлік және логистика, авиация, инфрақұрылым, қаржылық қызметтер және цифрлық трансформация салаларындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі Alatau City жобасын іске асыру болды. Екі елдің өкілдері қаланы дамыту перспективаларын, халықаралық инвестициялар тарту мүмкіндіктерін және заманауи қалалық инфрақұрылым құруда Ұлыбританияның озық тәжірибесін қолдану мәселелерін қарастырды.
ҚССП-ның Қазақстан–Британ Іскерлік кеңесінің отырысына қатысуы халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту, қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуына жәрдемдесу және шетелдік серіктестермен практикалық өзара іс-қимылды дамыту міндеттеріне сәйкес келеді.
Отырыс екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға және Қазақстан мен Ұлыбританияның іскер топтары арасындағы одан арғы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындауға арналған алаңға айналды.
