

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Italy–Kazakhstan Supply Chain Forum іс-шарасына қатысты

2025 жылғы 28 мамырда Астанада Kazakhstan–Italy Supply Chain Forum бизнес-форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан-Италия сауда қауымдастығы (ACIK) және Италия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі бірлесе ұйымдастырды.
Форумның ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов сөз сөйлеп, Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудегі бизнес-форумның маңыздылығын атап өтті. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында қарқынды дамуда. Энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика, АӨК және басқа да салаларда табысты ынтымақтастық орнаған.
Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 25%-ға өсіп, шамамен 20 млрд АҚШ долларына жетті, оның ішінде отандық тауарлар экспорты 18 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында тауар айналымы 4,4 млрд долларды құрады. Сондай-ақ, Италия ЕО елдері арасында Қазақстанға ең көп инвестиция салатын бес мемлекеттің қатарына кіреді. Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 7,6 млрд доллар көлемінде италиялық инвестиция тартылып, олар мұнай-газ саласы, «жасыл» энергетика, машина жасау және АӨК жобаларын іске асыруға бағытталған.
Форумға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасынан Басқарма мүшесі – Аппарат басшысы Асан Жәкішев пен халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жакутова қатысты. Іс-шара аясында Confindustria Kazakhstan бас директоры Ливио Маццуокколомен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар болашақтағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, B2B-кездесулер ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысты бастап, алдағы жоспарларды белгіледі.
Форум сауда және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, оның ішінде толық жеткізу тізбегі бойынша өзекті сұрақтарды талқылауға арналған алаңға айналды. Форум бағдарламасында панельдік пікірталастар, табысты бизнес-кейстер алмасу, инвестициялық мүмкіндіктердің тұсаукесері мен B2B-кездесулер қарастырылған.
Форум жұмысына екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, іскер топтар мен сарапшылар қатысты. Негізгі назар логистикалық маршруттарды оңтайландыру және Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелеріне аударылды.