Астанада Үндістан өнеркәсібі конфедерациясының бизнес-делегациясымен Қазақстан–Үндістан B2B-кездесуі өтті
2026 жылғы 23 шілдеде «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Үндістан өнеркәсібі конфедерациясының (Confederation of Indian Industry, CII) бизнес-делегациясымен Қазақстан–Үндістан B2B-кездесуі өтті. Кездесуге Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал Янгденглунгту Кахум қатысты.
Қазақстандық тараптан қатысушыларға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Коммерциялық қызмет департаментінің директоры Алишер Даркембаев құттықтау сөз сөйледі.
Үндістан өнеркәсібі конфедерациясы құрамына үнді компанияларының басшылары мен топ-менеджерлері кірген өкілді бизнес-делегацияның Қазақстанға сапарын ұйымдастырды. CII делегациясын ТМД өңірі бойынша халықаралық байланыстар жөніндегі аға директор Маниш Мохан және ТМД өңірі бойынша директор Каранджит Сингх басқарды.
Үндістандық тараптан KEC International Limited, Yashoda Medicity, Deccan Gold Mines, NephroPlus, SK Minerals and Additives Ltd, Mohan Mutha Exports Pvt Ltd, Value Energy Technologies Pvt Ltd, Bluearm Technologies Pvt Ltd, Cemtac Cements, Lilavati Hospital And Research Centre, сондай-ақ Exim Bank of India өкілдері қатысты. Қазақстандық тарапты Қазақстан автомобиль одағы, Green Vortech Ltd, ATS Group, Kazbaza LLP, Bridge CoLab, B&A Trade Kazakhstan, Keruen Invest, Korgan және басқа да отандық кәсіпорындар таныстырды.
Кездесу барысында қазақстандық және үндістандық компаниялардың өкілдері өз қызметтері туралы айтып, жүзеге асырылып жатқан және перспективалы жобаларын таныстырды, сондай-ақ әлеуетті серіктестердің мүмкіндіктерімен танысты. Қатысушылар инвестициялық, сауда-экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Exim Bank of India таныстырылымына ерекше назар аударылды. Банк өкілдері сыртқы экономикалық қызметті қолдаудың қаржылық тетіктері, экспорттық-импорттық операциялар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстанмен қаржылық ынтымақтастықтың перспективалары туралы баяндады. Exim Bank of India-ның қатысуы қазақстандық және үндістандық бизнестің бірлескен бастамаларын практикалық тұрғыда қолдау үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
B2B-келіссөздер барысында тараптар автомобиль жасау, энергетика, су ресурстарын басқару, тау-кен металлургия кешені, денсаулық сақтау, медициналық жабдықтар өндірісі, химия өнеркәсібі, логистика, туризм және қонақүй бизнесі салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар іскерлік диалогты жалғастыруға, нақты ұсыныстар алмасуға және Қазақстан мен Үндістан арасындағы бірлескен инвестициялық және коммерциялық жобаларды одан әрі пысықтауға өзара дайын екендерін растады.