

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Испания Елшілігімен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2025 жылғы 8 қазанда Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының кеңесшісі Дана Қасымова мен Испанияның Қазақстандағы Елшілігінің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі мырза Боррелья арасында кездесу өтті.
Кездесу конструктивті рухта өтіп, Қазақстан мен Испания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылауға арналды. Тараптар ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтіп, іскерлік байланыстарды нығайту екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Испания көптеген жылдар бойы Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі болып келеді. Екі ел арасындағы қатынастар өзара құрметке, тұрақты саяси диалог пен кеңейіп келе жатқан экономикалық ынтымақтастыққа негізделген отыз жылға жуық тарихқа ие. 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап, Қазақстан мен Испания екіжақты және «Қазақстан – ЕО» диалогы аясында берік ынтымақтастық архитектурасын қалыптастырды.
Осы тұрғыда екіжақты өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктері ерекше маңызға ие. Олардың қатарында – Қазақстан-испан достық парламенттік тобы, экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақстан-испан комиссиясы, сондай-ақ «Қазақстан–Испания» іскерлік кеңесі бар. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің соңғы отырысы 2025 жылғы наурыз айында Мадрид қаласында өтіп, экономикалық диалогты тереңдетудің маңызды кезеңіне айналды.
Кездесу барысында тараптар сауда және инвестиция мәселелеріне ерекше назар аударды. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға артты. Қазақстан экспорты 982,5 млн АҚШ долларына жетіп, оның шамамен 97%-ы мұнайға, сондай-ақ қайта өңдеу өнімдеріне – ферроқорытпа, тоқыма бұйымдары және эфир майларына тиесілі болды. Испаниядан импорт көлемі 293,3 млн АҚШ долларын құрап, ұшақтар, парфюмерия, шиналар және металлургиялық жабдықтар жеткізілімінің өскені байқалды.
Серіктестіктің маңызды құрамдас бөлігі – инвестициялар мен испан бизнесінің Қазақстан экономикасына қатысуы. Бүгінде елде испан капиталы қатысатын 63 компания тіркелген, оның 33-і бірлескен кәсіпорын болып табылады. Олардың қатарында Airbus Defense & Space, Maxam, Glovo, Roca, Inditex, Mango, Pronovias және Técnicas Reunidas сияқты танымал брендтер бар. Бұл компаниялардың қызметі заманауи технологияларды енгізуге, сапа стандарттарын арттыруға және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының кеңесшісі Дана Қасымова Палатаның қызметіндегі испан бағытының маңыздылығын атап өтті: «Испания – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қатынастар өзара құрметке, тұрақты саяси диалог пен кеңейіп келе жатқан экономикалық ынтымақтастыққа негізделген отыз жылға жуық тарихқа ие. Бүгінде Қазақстан мен Испания екіжақты және “Қазақстан – ЕО” диалогы аясында берік ынтымақтастық архитектурасын қалыптастырды», – деді ол.
Кездесу соңында тараптар диалогты жалғастыруға және жаңа бірлескен бастамаларды дамытуға ниетті екендіктерін растады. Логистика, көлік, сауда және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету экономикалық байланыстарды әртараптандыруға және Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға сеп болатыны атап өтілді.