

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен JICA стратегиялық серіктестікті талқылады

2025 жылғы 24 сәуірде Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) өкілдері арасында кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті және болашағы бар бағыттарын талқылады.
Келіссөздердің басты назарында шағын және орта бизнесті қолдау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен өндірістік бастамаларды дамыту және тұрақты даму саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері болды. Ерекше қызығушылықты JICA Biz бастамасы тудырды — бұл жапондық шағын және орта кәсіпорындардың шетел нарығына шығуына жәрдемдесуге бағытталған платформа.
Жоба әзірлеу жөніндегі JICA кеңесшісі Сатоси Цудзи мырза Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен жүйелі жұмыс орнатуға жоғары қызығушылығын білдірді. Оның айтуынша, Палата бірлескен жобаларды ілгерілету үшін кең іскерлік желі мен әлеуетке ие салалық институт ретінде маңызды рөл атқара алады. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан нарығына шығуға ниетті жапон компанияларынан нақты сұраныстар түсе бастады.
Сонымен қатар кездесу аясында Қазақстан өңірлерінде оң нәтижелерін көрсетіп жатқан “Бір ауыл – бір өнім” (OVOP) бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Тараптар бұл бастаманы кең ауқымда дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқармасының төрағасы Мұрат Қарымсақов атап өтті:
«Біз JICA ұсынған стратегиялық басымдықтармен толық келісеміз және жапон бастамалары мен қазақстандық кәсіпкерлер арасында көпір болуға дайынбыз. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы — бұл ашық іскерлік платформа, ол сенімді серіктестерді іздеуден бастап логистикалық және ұйымдастырушылық шешімдерді үйлестіруге дейінгі барлық кезеңдерде серіктестік жобаларға қолдау көрсету үшін қажетті ресурстар мен байланыстарға ие».
Сондай-ақ тараптар JICA – ССП екіжақты жұмыс тобын құруға және өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруға өзара мүдделілік білдірді. Бұл құжат тұрақты әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі болмақ.