Астанада Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы өтті
10 маусым күні Астанада Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы өтіп, оған екі елдің мемлекеттік органдарының, ұлттық компанияларының, іскерлік қауымдастықтары мен халықаралық бизнес өкілдері қатысты.
Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Канада Үкіметінің өкілі/Қазақстан Республикасындағы Канада Елшісі Крис Дагган, Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Мейіржан Юсупов, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев, сондай-ақ Қазақстан мен Канаданың жетекші компанияларының басшылары қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды, тау-кен металлургия кешенін, энергетиканы, агроөнеркәсіптік секторды, көлік пен логистиканы талқылады.
Пленарлық сессияда сөз сөйлеген «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев Канаданың Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, 1994 жылдан бері Канаданың Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының көлемі 6 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінде Қазақстанда канадалық капиталдың қатысуымен 160-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 457,9 млн АҚШ долларын құрады.
Ұлттық палата басшысы қол жеткізілген көрсеткіштер екіжақты ынтымақтастықтың берік негізін айқындайтынын, алайда өзара іс-қимыл әлеуетінің бұдан да жоғары екенін атап өтті.

«Бүгінде біз тек тауар айналымының өсуі туралы айтып отырған жоқпыз. Біз технологияларға, инновацияларға, өзара сенімге және адами капиталды дамытуға негізделген экономикалық әріптестіктің жаңа моделін қалыптастырып жатырмыз», – деді Қанат Шарлапаев.
Талқылау барысында аса маңызды минералдар мен тау-кен металлургия кешені, жаңа буын энергетикасы мен декарбонизация, цифрландыру мен жасанды интеллект, жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушылардың пікірінше, дәл осы бағыттар қазақстандық-канадалық әріптестіктің жаңа кезеңінің қозғаушы күшіне айналуы мүмкін.

Қанат Шарлапаев сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП қазақстандық бизнес, мемлекеттік органдар және канадалық серіктестер арасында байланыстырушы буын болуға дайын екенін, сенімді серіктестер іздеуге, B2B және B2G келіссөздерін ұйымдастыруға, сондай-ақ перспективалы инвестициялық бастамаларды сүйемелдеуге жәрдем көрсететінін атап өтті.

Отырыс жұмысына Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы да қатысты. Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің қызметі туралы келісімге сәйкес Палата қазақстандық тараптан ҚКІК Хатшылығының функцияларын орындайды және Кеңес қызметін ұйымдастырушылық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Негізгі міндеттердің қатарында отырыстарды дайындау, канадалық серіктестермен өзара іс-қимылды үйлестіру, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға жәрдемдесу бар.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысының қорытындылары екі ел арасындағы іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейін және канадалық бизнестің қазақстандық нарыққа деген елеулі қызығушылығын айқын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, қатысушылар құрамының кең болуы және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын мазмұнды талқылау канадалық инвесторлардың Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге дайын екенін көрсетеді. Өткізілген келіссөздер жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және Қазақстан мен Канада арасындағы іскерлік әріптестікті одан әрі нығайту үшін жоғары әлеуеттің бар екенін тағы бір мәрте растады.

