

Астанада алғашқы қазақстан-қытай жас кәсіпкерлер форумы басталды

2025 жылғы 12–14 тамызда Астанада Қазақстан мен Қытайдың жас кәсіпкерлерінің алғашқы форумы өтуде. Шара екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға және жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. Форумды Қазақстанның Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен ұйымдастырды.
Қытай делегациясының құрамында Шэньси провинциясының Жастар электрондық коммерция одағының өкілдері, салалық қауымдастықтар, GR-құрылымдар, сондай-ақ инвесторлар мен технологиялық серіктестер бар.
Форумды аша отырып, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының коммерциялық қызмет департаменті директорының орынбасары Алишер Даркембаев атап өтті:
«Бұл форум – жас бизнес көшбасшылары үшін тікелей байланыстар орнатуға, идеялармен алмасуға және Қазақстан мен Қытайда ғана емес, әлемдік нарықта да сұранысқа ие бірлескен жобаларды іске қосуға тамаша мүмкіндік. Біз агроөнеркәсіп кешені, цифрлық экономика, креативті индустриялар, логистика және трансшекаралық электрондық сауда салаларында ынтымақтастықтың зор әлеуетін көреміз. Осы алаңдағы кездесулер мен пікірталастардың нәтижелері ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестіктердің негізіне айналады деп сенемін».
Форум бағдарламасында — қазақстандық және қытайлық компаниялар арасындағы B2B және B2G кездесулері, мемлекеттік органдармен және даму институттарымен келіссөздер, сондай-ақ «Қазақстан – Қытай» электрондық коммерция орталығының тұсаукесері бар.
Форум екі елдің жас кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды қалыптастыруға маңызды қадам болады деп күтілуде.