

Астанада Қазақстан-Марокко іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды

2025 жылғы 29 мамырда Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Марокко кәсіпкерлерінің жалпы конфедерациясы (CGEM) арасында кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан-Марокко іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан тарапынан құжатқа Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, ал марокколық тараптан – CGEM басқарма мүшесі, «AlomraGroup International» компаниясының бас директоры мырза Дрисс Беномар қол қойды.
Іскерлік кеңесті құрудың мақсаты – екі елдің іскер топтары арасында тұрақты диалог орнатып, сауда-экономикалық байланыстарды, инвестициялық жобалар мен бірлескен бастамаларды ілгерілету. Кеңес ақпарат алмасуға, іскерлік миссиялар мен B2B кездесулер ұйымдастыруға, сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, IT, логистика және жаңартылатын энергия көздері сияқты басым салалардағы өзара тиімді жобаларды ілгерілетуге ықпал етеді.
Тараптар Кеңес отырыстары жылына кемінде бір рет Қазақстанда немесе Мароккода өтетінін келісті. Сондай-ақ келісім ережелерін іске асыру және бірлескен әрекеттерді үйлестіру үшін жұмыс тобын құру көзделген.
Қазақстан-Марокко іскерлік кеңесін құру екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруға деген ұмтылысты білдіреді.